
Атырауда автогаз тапшылығы байқалуда
Атырау қаласының кейбір бекеттерінде автогаз табу қиынға соғып тұр. Тұрғындар газдың аз ғана нүктелерде сатылып жатқанын, ал ол жерлерде ұзын-сонар кезек болатынын айтып шағымдануда.
Қала тұрғыны Қайрат Қабиев бұл мәселе жайлы өз ойын Атырау облысы әкімдігінің телеграм чатында білдірген еді.
– Автогаз санаулы жерлерде ғана бар, ал ондағы кезек қырғын. Газдың бағасын көтерілді, енді оны еркін сатылымға қою керек қой. «Промгаз» ЖШС-на барсаң үнемі талон сұрайды. Үйіміздің қасынан небәрі 1 шақырым жерден газ шығып жатыр, бірақ соған мұқтажбыз, — дейді ол.
Ал Атырау облысы әкімдігінің телеграм чатының әкімшілігі (администратор) жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де өндіріліп жатқан сұйытылған мұнай газының көлемі 550 тоннаны құрайды. Оның жартысы Ақмола, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарына вагондармен жөнелтілуде. Қалған бөлігі автоцистерналар арқылы қаладағы және аудан орталықтарындағы газ құю бекеттеріне тасымалданып жатыр.
Осылайша, өндірілген газ көлемінің белгілі бір бөлігі басқа өңірлерге жіберілуіне байланысты Атыраудағы сұранысты толық қамтуда қиындықтар туындап отыр.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ