АСТАНАНЫҢ БРЕНДІНЕ АЙНАЛАДЫ

2017 жылға жоспарланған халықаралық ЭКСПО көрмесі - тәуелсіз Қазақстанның тарихында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бірі. Өйткені, 163 жылдық тарихы бар көрмені Елордамыз - Астанада өткізу туралы шешім қабылдауда елдің саяси, экономикалық, географиялық және мәдени ерекшеліктері ескерілді. Бұл - аз уақыттың ішінде көп жетістікке жеткеніміздің бір дәлелі.

 

Көрме негізінде Қазақстанныңалда алар талай асуы бар. Мұнда қарапайым туристер жаңа ақпарат алуға немесе технологиялар туралы білімін тереңдетуге емес, көрмені тамашалауға келеді. ЭКСПО қалашығында тұрғын үйлер болашақтың ғимараты атануға лайық дейміз. Көшелері түзу, ғимараттардың өлшемі  белгілі бір зерттеулерге сәйкес есептелген делінген. Бұл ендігі уақытта ойдағыдай жүзеге асса, Астана  қоршаған ортаға залалсыз тұрақты энергетиканы дамытуды қолға алған көшбасшыға айналатыны сөзсіз. Мұнда өз кезегінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына, жасыл құрылыс қағидаларының қалыптасуына сеп болмақ. Электромобильдер мен сутегі автобустарға арнап жағармай бекеттері салынады. Болашақтың қаласындағы ғимараттар түгелдей өздері тұтынатын қуатты өндіріп, артығын қалалық электр жүйесіне сата алады. Күндіз күн мен желден қуат алатын үйлер түнде жарқырап, жарық түскен су тамшыларындай жылтырайтын болады. Бұл жерде қоқыстың өзінен жылу алынатын болады.

Аталған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталғандықтан да, бұл салада соңғы жаңалықтар, өзгеше жобалалар таныстырылады деп күтуге негіз бар.

Қазақстан алдағы уақытта күн, су, жел көздерін пайдалану, өндірістік суды қайта пайдалану жолдарын қарастыруы қажет. Оның үстіне, тасымалдаудың үнемді де арзан жолын табуы керек. Қазіргі электр қуатының 20 пайызы тасымал кезінде ысырап болып жатқаны белгілі. Энергия көздерін табуда және пайдалануда экологиялық қауіпсіздік бірінші орында тұруы қажет. Қазақстан қолға алған болашақтың энергиясы бағыты бойынша ғылыми тұрғыда ізденуге Ерейментаудағы  жел үрлеу станциялары  мен Астанадағы күн көзі қуатын пайдалану жобалары айтарлықтай сеп болмақ. Бұдан бөлек, Маңғыстау, Жамбыл  және Алматы облыстары қазірдің өзінде жел қуатын пайдалануға көше бастады. Алдағы үш жарым жылда жыл сайын Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша конференциялар өтеді. Мұнда Қазақстан «жасыл технологиялар» мен балама қуат көздері мамандарын жер-жерден тартуды көздеп отыр.

ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру арқылы туризмнің сан саласын дамыту да алға қойылған. Көрме аясында Алматы, Көкшетау және Қарағанды қалаларына туристерді шақыру, орналастыру, түрлі таңғажайыптар ұсыну Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндік болмақ. Мәселен, Байқоңыр қалашығы мен ғарыш айлағын туристерді шақыратын маңызды нысанға айналдыру жоспарланған.

Сондай-ақ, ЭКСПО туристеріне ұсынылған ғажайыптардың бірі –  Бурабай курорты аймағы болмақ. Мұндағы су қоймалары тазартылып, арнайы туристік қалашықтар салынады.

Туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі –  Қорғалжын қорығы. Туристер бұл жерде мұрты бұзылмаған табиғатпен қауыша алады. Осы орайда Ақмола облысында жоспарланған этноауылдар салу жобасы бекітілген. Елордадан 30-50 шақырым қашықтықта орналасатын ауылдар экологиялық таза технологияларды пайдаланатын болады. Осылайша, қазақ ауылы ХХІ ғасырда қайта жанданып, замана тынысымен жаңаша тұрмыс кешпек. Мұндай жобалар қазақстандық көрменің мерейін асырып, өзгелерден ерекшелейтіні ақиқат. Оның үстіне бұл бастама елдегі аграрлы туризмді дамытуға сеп болмақ.

Ал, енді «ЭКСПО-дан соң не болмақ? Кешенді салынатын ғимараттарды көрмеден кейін қалай пайдалануға болады?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалдар қазір қызу талқыланып жатыр. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев бұл туралы «көрме кешендері қазақстандықтарға ЭКСПО-дан кейін де қызмет етеді деп жоспарлап отырмыз» деген болатын. Мамандар ЭКСПО-2017 кешені кейіннен болашақ энергиясының орталығына айналып, мұнда ғылым мен техника орталықтары, бизнес инкубаторлар, басқа да нысандар салынады деп жоспарлануда. Сөйтіп, бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің әлеуметтік  дамуына қарқын беріп, Астананың біртұтас брендіне айналады деп сенеміз. Көрмеден соң оның павильондары, ғылыми зертханалары инновациялық және коммерциялық жобалар үшін пайдаланылмақ.

Бұл жұмыстың бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты негізінде жүзеге асып жатқанын баса айтқым келеді. Бұл бастаманы бүкіл қазақстандықтар болып қолдап, оны кейінгі ұрпаққа жалғап отыру басты міндетіміз деп білемін.

Рахметолла ІЗТІЛЕУОВ,

ардагер ұстаз,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз