
Адал еңбек – берекелі кәсіптің негізі
Кәсіпкерлік тек табыс табу жолы ғана емес, қоғамға пайда әкеліп, туған жерге қызмет етудің, адал еңбекті дәріптеудің шынайы көрінісі. Нағыз кәсіпкер ішкі ниетінің тазалығымен, елге жанашырлығымен ерекшеленеді. Ал берекелі істің бастауы – осы ниет пен мақсатта.

Қаракөл ауылындағы отбасылық кәсіпті дөңгелентіп, ауыл экономикасына үлес қосып жүрген ерлі-зайыпты Алмаз Атшыбаев пен Гүлсара Сауғабаеваның осы тұрғыдағы іс-әрекеті мен тәжірибесі көпке үлгі.
Кәсіпке бастаған алғашқы қадам
Алмаз Атшыбаев кәсіпкерлікті 2004 жылы жолаушы тасымалдаудан бастаған. Біртіндеп жаңа кәсіп көздерін іздеуге жол ашқан ол 2014 жылы ауылдастарының күнделікті сұранысын ескере отырып, азық-түлік дүкенін ашты. Арада бес жыл өткен соң «Накен» шаруа қожалығын құрып, жылқы өсіруді қолға алды. Бұл жай ғана кәсіп емес, ұлттық дәстүрді жаңғырту, табиғи өнім өндіру жолындағы маңызды қадам болды.
Алайда кез-келген істің ілгерілеуінде сенімді серіктің, жанашыр жанның ролі зор. Бұл тұрғыда Гүлсара Ашықбайқызының еңбегі айрықша. 1964 жылы Қаракөл ауылында дүниеге келген Гүлсара ұзақ жыл бойы тіс дәрігері болып еңбек етіп, талай жанға шипа болған. Отағасының кәсіпкерлік жолындағы талпынысына қолдау білдірген ол медицина саласындағы жұмысын тоқтатып, отбасылық кәсіпке бет бұрады.

– Мен бұл істі отағасының ғана емес, екеуміздің ортақ арманымыз ретінде қабылдадым. Басты мақсатымыз – ауыл халқына сапалы өнім ұсыну, — дейді Гүлсара Ашықбайқызы.
Қазір Алмаз бен Гүлсараның бірлесіп жүргізіп отырған «Атшыбай» дүкені ауылдың өміріне серпін беріп отыр. Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың кең таңдауы бар бұл шағын дүкен тұрғындардың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Сауда тек табыс табу құралы емес, ең алдымен халыққа қызмет көрсету алаңы деген ұстаныммен жұмыс істейтін олар баға тұрақтылығы мен қолжетімділікке де баса мән береді.
– Ауылда сауда жасау – тек пайда табу емес, әрбір тұрғынның жағдайын ойлау. Біз дүкенімізді таза, жинақы ұстаймыз, ол – тұтынушыға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан арнайы тазалықшыны жұмысқа алдық, — дейді дүкен иесі Г.Сауғабаева.
Алмаз Атшыбаев жетекшілік ететін «Накен» шаруа қожалығы да бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өзіндік қолтаңбасы бар өндіріс ошағына айналған. Жылқы өсіріп, табиғи ет өнімдерін ұсынып отырған кәсіпкер ауылдың азық-түлік қорын молайтып, тұрғындарға сапалы өнім жеткізуді жолға қойған.
– Бұл тек табыс үшін емес, ұлттық құндылықты жаңғырту үшін жасалып отырған еңбек. Қазақ үшін жылқы – киелі мал. Сондықтан бұл істің берекесі де, жауапкершілігі де мол, — дейді А.Атшыбаев.
Әрбір жаңа бастаманың өз сынағы болады. Қаракөлдік кәсіпкерлер де алғашында түрлі қиындықтарға кезіккен. Әуелгіде тауарды Астрахан қаласынан тасып, кедендік кедергілер мен ұзын-сонар кезектерден өткен. Дегенмен, бұл қиындықтар оларды шыңдап, шыдам мен сабырды үйретті.
Бүгінде олар тауарды Атырау қаласынан тасып, ауылды үздіксіз азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді.
Жол ашылса, кәсіп өркендейді
Бұрын ауыл кәсіпкерлері үшін ең үлкен кедергі – жолдың нашарлығы болатын. Қала мен ауыл арасында тауар тасу мол шығын мен көп уақытты талап ететін. Бірақ соңғы жылдары жол инфрақұрылымының жақсаруы ауыл кәсіпкерлігінің тынысын ашты.
– Бұрын екі күн жүріп атқаратын істі қазір бірнеше сағатта тындырамыз. Бұл – ауыл кәсіпкерлері үшін зор мүмкіндік, — дейді Алмаз.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер кәсіпкерлікті табыстың көзі ретінде емес, өзара сенімнің белгісі деп қабылдайды. Адал еңбек, дұрыс ниет пен шынайы қарым-қатынас – кез келген бизнестің табысқа жетуінің алғы шарты.
– Саудада адалдық болмаса, береке де болмайды. Біз үшін ең бастысы – тұтынушының сенімі. Сенімге кірген кәсіпкердің ісі де, табысы да тұрақты болады, — дейді олар.
Қаракөл ауылындағы бұл отбасылық кәсіп – бүгінгі жастарға үлкен үлгі. Кәсіп бастаймын деген жасқа бүгінде мүмкіндік мол. Мемлекеттік қолдау да жетерлік. Тек батыл қадам жасау керек. Қиындықтан қорықпай, адал еңбектенсе, берекеге кенелеріңіз де анық.
– Біз де бәрін бірден меңгерген жоқпыз. Қателік те болды, тоқырау да кездесті. Бірақ оған мойымау керек. Істің берекесі – ниетте, — дейді Гүлсара Ашықбайқызы.
Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысатын отбасының ұлдары Самғат пен Еламан ата-анасынан көрген тәлім-тәрбиені өмірлік ұстаным етіп, өз балаларына да сол өнегені үлгі қылып келеді. Еңбектің қадірін бала күнінен бойға сіңіріп өскен олар бүгінде маңдай терімен адал табыс тауып, кәсіптің көзін тауып жүр. Тиыннан теңге құрап, зор жетістікке жету жолын жетік меңгерген ағайындылар бүгінде қоғамға үлгі боларлық азаматқа айналған.
Алмас ҚАБДОЛ
Қызылқоға ауданы