Өнімнің бәрі – өзімізден

  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алын-ған мәлімет бойынша, Жайық бойындағы Индер, Махамбет, Исатай аудандары аумағындағы «ҚазСуШар» РМК Атырау филиалы арналар арқылы су жеткізуді қамтамасыз ететін 14 суару-суландыру жүйесінің насостарын жөндеуден өткізіп, канал бойына су айдау жұмыстарын бастап кетті. Биыл облыс бойынша екі мың гектар егістік алқапқа тамшылатып суару әдісі қолданылмақшы.

АТЫРАУ.

 Қала маңындағы шаруашылық құрылымдарының егіншілері жауапты науқандық жұмыстарды сапалы аяқтауды қамтамасыз етті. Диқандар көктемгі нөсер жауынның көптігіне қажырлы еңбектерін қарсы қойды. Олар екі мың гектардай жерді жыртып, 1101 гектарға көкөніс, 354 гектарға бақша және 470 гектарға картоп тұқымын егіп, өнімін ала бастады. «ҚазСуШар» мекемесімен «Сарыөзек», «Соколок» каналдары арқылы су пайдалануға 34 шаруа қожалығы келісім-шарт жасасты. Олардың пайдаланған суының жартысы мемлекеттен субсидияланылмақшы. «ҚазАзот», «Қазфосфат» мекемелерімен 50 пайыздық жеңілдікпен келісім-шартқа отырған 45 шаруа қожалығына 161 тонна минералдық тыңайтқыш жеткізіліп берілуде.

МАХАМБЕТ.

 Облыстағы жалпы егістік көлемінің отыз пайызы Махамбет ауданының үлесіне тиесілі. Аталмыш аудандағы жүзден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 531 гектарда картоп, 680 гектарға көкөніс, 300 га жерге бақша, сондай-ақ, 830 гектарға жоңышқа мен 225 гектарға көпжылдық екпе шөп дақылдарын егіп, баптап күткендегідей өнім жинауды межелеген. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандары, көктемгі дала жұмыстарына 21 трактор мен 80 ауыл шаруашылығы техникасы қатыстырылғандығын, диқандар межелі өнімнен үмітті екендігін айтады.

ИНДЕР.

 Аудандағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер Жайық бойындағы егіс танаптарының 470 гектарына картоп, 440 гектарына көкөніс, 170 гектарына бақша дақылдарын егіп, мол өнім алуды мақсат еткен. Егіс алқаптарындағы жұмыстарға бес жүздей адам тартылып, елуге жуық ауыл шаруашылығы техникасы қатысып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет Есетовтің айтуынша, қажетті жанар-жағар май мен тыңайтқыш та жеткілікті мөлшерде тасылып алынған.

ҚҰРМАНҒАЗЫ.

Биылғы дала жұмыстарына тиянақты әзірлену және оны ұйымшылдықпен өткізу жайы аудандық әкімдіктің алқа мәжілісінде кеңінен сөз болып, ауылдық округтердің әкімдері мен табиғатты пайдаланушыларға, тиісті құзырлы мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілген еді. Бұл жұмыстың жай-жапсары қатаң бақылауға алынған болатын. Ауыл шаруашылығы бөлімінің селолық округтерден алған мәліметіне сүйенсек, биыл құрманғазылық диқандар 717 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруді мақсат етіп отыр. Осыншама егістіктің 115 гектары тамшылатып суару әдісімен суарылады.

 Егін шаруашылығы – облыс халқын қолжетімді, экологиялық таза, әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге септесетін әлеуметтік-экономикасының дамуымыздағы шешуші сала. Оған қоса, елімізде азық-түлік тауарларына сұраныстың өскені баршаға мәлім. Сондықтан дала жұмыстары мен агротехникалық шараларды тиянақты ұйымдастыра отырып, диқан қауымы жоғары өнім ала бастады.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз