ҮЗДІК КӘСІПКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Тарихында он бесінші рет ұйымдастырылып отырған «Жыл кәсіпкері – 2014» үздік бизнес иелерін марапаттау шарасы биыл да дәстүрді жалғастырды. Өткен жылды саралап, келер жылға жоспар межелеген сәтте үздіксіз аянбай еңбек еткендер елеусіз қалмады. «Кәсіпкер әйел-2014» атағы «Беатрис» сұлулық салонының иесі Анна Белкинаға берілсе, «Жыл кәсіпкері-2014» болып «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің директоры Әділ Жұбанов танылды. Салтанатты кеште марапатталушыларды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтап, жаңа жылда кәсіп иелеріне толағай табыстар тіледі.

Салтанатты шарада Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов пен облыстық Жұмыс берушілер мен Кәсіпкерлер Одағының төрайымы Әлия Бекқожиева осы саланың майталмандарын құттықтап, жылы лебіздерін арнады.

– Өткен жыл бизнес иелері үшін табысты болды. Келер жыл да жақсылығын әкелсін. Әрине, қиындықтар да кездесті. Бірақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында талай қиын-қыстау жайларға төтеп бере білдік. Әсіресе, ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді. Біле-білсек, жалпы ішкі өнімнің он пайыздан астамы бизнестің еншісінде. Оның үстіне, мұнайлы аймақтың мүмкіндігі де мол. Оңайлықпен келмейтін адал еңбек жолында тек қана табыс тілеймін, – деді Әлия Байжанқызы.

Абай Төкенұлы былтыр Елбасы тапсырмасымен жарияланған мораторий да шағын және орта бизнеске оң нәтижесін бергенін атап айтты. Сондай-ақ, саланы қолдауға 100 млн. теңге бөлінуі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шынымен де бизнестің қамқоршысына айналғанын жеткізді.

Барша кәсіпкерлерді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтап, төрімізге аяқ басқалы отырған Қой жылы «табыс молая түссін» деген тілегін арнады.

Облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов комиссия шешімінің қорытындысымен арнайы номинация «Ұлт даңқы» орденін «Бірінші мамыр» ЖШС-нің басшысы Аманжол Есқараевқа тақты. Ал, ауылдағы бизнес өкілдеріне Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының  Алғыс  хат  табысталды.  Сонымен қатар, былтыр бизнесмендердің қолдауымен жас аналарға арналып ашылған «Аналар үйіне» демеушілік көрсеткендер де назардан тыс қалмады. Әдемі кешті «Камелия» би ансамблінің өнерпаздары одан сайын әрлендіре түсті.

Сонымен, «Жас кәсіпкер-2014» номинациясы «Гараж» автокөлік жуу орталығының иесі Николай Лиге табысталды. Жиырма бес жасар жас жігіт достарымен бірлесіп өз кәсібін ашуға ұзақ дайындалды. Жинаған қаражаттарына автокөлік жуу орталығын салып, ағымдағы жылдың мамыр айында қызмет көрсете бастады. Орталықтың әдемі безендірілуі, жалт-жұлт еткен маңдайшалары, шағын орын, сапалы қызмет көрсетудің арқасында кәсіп иесі аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушыларын тауып үлгерді. Бірте-бірте нарықты бағындыра бастады.

«Ауыл шаруашылығы бизнесінің» үздігі болып «Атырау Сауда» ЖШС-нің басшысы Әлімжан Балжігітов танылды. Балжігітовтер отбасы – бизнестегі танымал әулеттердің бірі. Кәсіпкерлікті 1997 жылдан бастап қолға алды және олар айналыспайтын кәсіп түрі жоқ деуге де болады: сауда, қоғамдық тамақтану, тағы басқалар. Ал, 2012 жылдан бері «Атырау Сауда» ЖШС-нің жұмыртқа өндіретін құс фабрикасында осы күнге дейін 1,5 жарым млн.  жұмыртқа өндірілген. Жылыой ауданының, соның ішінде   Құлсары каласының дамуына «Атырау Сауда» үлкен үлес қосуда. Атап айтқанда, құс фабрикасының құрылысы, «Бабаларға тағзым» монументі, Қамыскөл саябағы, болашақта жылу жүйесі құрылысы мен құс фабрикасын кеңейту жоспарлы түрде жүзеге аспақ.

«Қызмет көрсету саласының үздігі» номинациясы «Намыс Монтаж Құрылыс» ЖШС-нің  төрағасы Нұрғиса Қабыловқа бұйырды. Бизнесі 2009 жылы бастау алған, кәсіпкерліктің негізі – құрылыс-монтаж жұмыстары. Бастапқыда небәрі бес жұмысшы еңбек етсе, қазірде олардың қатары 45-ке дейін жетті. Өндіріс барлық техникалық жағынан толық қамтылған. Ұлттық бизнес рейтингі нәтижесі бойынша 2013 жылы компания үздік 100 құрылыс компаниясының қатарына енді. Сондай-ақ, компания нан өнімдерін шығару, құрал-жабдықтарды жалға беру, тағам саудасы, шаруа қожалығымен де айналысады.

«Сауда саласының үздігі-2014» болып «Жахан Атырау» ЖШС-нің бас директоры Еркін Құрманов танылды. Компания 2002 жылдан бері жұмыс жасап келеді, негізгі бағыты жылу-техникалық, сорғы жабдықтары, құбыр және су жүйесін жеткізу, сервистік қызмет көрсетуге арналған. Жеті мыңнан астам жылу қазандары, он бес мыңнан астам сорғы станциялары, қырық беске тарта генератор қондырған. «Жахан Атырау» ЖШС – блокты-модульді, контейнерлі қазандары бар алып кәсіпорын. Бүгінде серіктестік энергия көзін жаңғырту жұмыстары бойынша үлкен жоспарды қолға алмақшы.

«Ірі кәсіпкерлік субъектісі-2014» болып «Іскер» ЖШС  атанды. «ISKER» консорциумы» 2005 жылдың тамыз айынан бері өндірістік, жеке құрылыс саласында жұмыс істеп келеді. Консорциум – Атырау облысындағы жүйеленген компаниялардың бірі. «Аджип», «ТШО» секілді мұнай компанияларының негізгі мердігері болып табылады. Бір мың жарымнан астам жұмыс орны ашылған, ірі құрылыс нысандары ретінде «Төрт батыр», «Жеті қазына» кешендерін атап айтуға болады. Компания аймақтағы әлеуметтік, спорттық жобаларға демеушілік көмек көрсетіп келеді. 2011 жылы облыстық әкімдікпен бірлесіп ірі экологиялық жобаны жүзеге асырды. Мысалы,  Жайық өзеніне батып кеткен жеті кемені көтеру жұмыстарын жүзеге асырды. 

Атырау облысы мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы Айгүл Рзағұлова арнайы номинация, салықтың төрт түрі бойынша үздік деп танылған «Сала көшбасшысы», «Даңқ жұлдызы» орденін «Бірінші мамыр» ЖШС-нің директоры Аманжол Есқараевқа тапсырды.

Осылайша, үздіктердің де үздігін анықтайтын кез жетті. «Кәсіпкер әйел-2014» номинациясы бойынша «Беатрис» сұлулық орталығының иесі Анна Белкина жеңімпаз атанды. Компанияның негізін қалаушы Валерия Андрианова 1999 жылы өзінің шағын шаштаразын ашты. Бірақ, ол атыраулық нәзікжандылар арасында тез танылды. Күні бүгінде отбасылық бизнесті Валерия Николаевнаның қызы Анна Белкина жалғастырып келеді. Осынау жылдар ішінде олар ауданы 50 шаршы метрлік сұлулық салонынан 500 шаршы метрлік орталықты, отыз бес жұмыс орнын ашты. Бүгінде бұл тек сұлулық орталығы ғана емес, әсемдік индустриясына мамандар даярлап, оқытатын орталыққа, кәсіби косметика, жаңа технологиялар мен брендтер дүкеніне айналды. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Беатрис» салоны 15 жылдығын тойлады.  Өз кезегінде өзі алған Анна Белкина шара ұйымдастырушыларына отбасы атынан алғыс білдіріп, бұл жеңістің шынымен де мерейтойға сыйлық болғанын жасырмады.

Салтанатты шара барысында Қызылқоға, Мақат аудандарынан келген өкілдер аудан басшылары атынан Атырау облысы Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер Одағына бизнесте әрдайым қамқорлық танытып жүргендері үшін алғыстарын жеткізді.

Ал «Жыл кәсіпкері – 2014» атағына лайық деп танылған бизнес иесінің есімін облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев хабарлады. Жыл бойы атқарған жемісті жұмысына қарап атыраулық бизнес өкілдері жеңімпаздың кім екенін іштей сезіп те отырған еді. Сөйтіп, басты марапат «Батыс Альянс Строй» ЖШС-нің иесі Әділ Жұбановқа табыс етілді. Оның алғашқы құрылыс нысандары 90-ыншы жылдары салынды. Бүгінгі күні балабақшалар, мектептер,  облыстық балалар ауруханасы, «Нұр Отан» ғимараты, Салтанат сарайы, тұрғын үй кешендері «Батыс Альянс Строй» ЖШС-нің еншісінде.

Ал, Тұрғын үй құрылысы комбинаты итальяндық құрал-жабдықтармен жабдықталып, әлемдік стандарт деңгейінде дамыған модельді қолданысқа енгізген. Аталған ЖШС  Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының қатарына кіреді. Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде комбинаттың екінші кезеңі іске қосылды. Бұл аз уақыттың ішінде сапалы әрі жылыту техникасы бар темірбетонды үй салуға мүмкіндік береді.

– Әрине, жеңіс тек менікі ғана емес, күні бүгінге дейін бірге еңбек етіп келе жатқан ұжымымның арқасы деп білемін. Жаңа жылда баршаңызға денсаулық пен толайым табыс тілеймін. Бизнестеріңіз өркендей берсін! – деп алғысын білдірді Әділ Жұбанов.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз