ЭНЕРГЕТИК ЕСІМІ – ЖЫЛУ БЕКЕТІНЕ

Атырау энергетикалық кешенінің 50 жылдығы және кәсіби мереке қарсаңында «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының басшылығы тағы бір игілікті іс тындырды. Қаладағы бірнеше орталық жылу бекеттеріне кезінде кәсіпорында ұзақ уақыт еңбек етіп, оның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың есімдері берілді.

Сондай шара кеше Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның жанындағы №8/9 жылу бекетінде болды. Оған «Атырау жылу жүйелері» кәсіпорнының бірінші директоры болған Уәли Мизамғалиев есімі берілді.
Ал, осы ардақты ардагер тірлігінде кім болған еді? Замандастары жадында несімен сақталды? Бұл жөнінде акционерлік қоғам президенті Нұрадин Шамшатов жиналғандарға қысқаша баяндап берді.
Уәли Мизамғалиев 1936 жылғы 15 қарашада Гурьев қаласында дүниеге келген. Іргелес Астраханда бастапқыда «Каспийрыбфлот» мекемесінде моторист, кейін «Арктика» теплоходында механик болып еңбек еткен.
Содан 1958 жылы Атыраудағы алғашқы энергопойыздың машинисі болады. Жұмыстан қол үзбей жүріп 1965 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық энергетикалық институтты тәмамдайды. Содан аға машинист, ауысым бастығы, цех мастері және бастығы қызметтерін атқарады. Ал, 1973 жылы жылу жүйелері кәсіпорнының алғашқы директоры болып тағайындалады.
Ардагер содан соң да бірнеше жауапты жұмыстарда жасапты. Өмірінің соңына дейін тәжірибелі маман ретінде арнайы шақыртумен «Казэнергоэкспертиза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет істепті.
Абзал азаматтың бүгінде жетпістің жетегіне ілескен зайыбы Нәсіп Мизамғалиеваның айтуынша, олар ерімен екі ұл мен қос қыз тәрбиелепті. Бүгінде Түсіп атты ұлы әкесінің жолын жалғастырып, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да қызмет істейді. Қазір Уәли Мизамғалиевтың есімін иемденген Сәбит атты бірінші немересі Атырау мұнай өңдеу зауытының жылу жүйесінде қызмет істесе, екіншісі Ғабит энергетика институтында дәріс алуда. Демек, ата жолын осы Уәлиевтер жалғастырмақ.
Ардагердің екінші ұлы Серік өмірден ерте озғанымен әке соқпағын Алина және Динара есімді қыздары жалғастыруда. Ал, Уәли Мизамғалиевтың өзінен өрген Жанат және Бақыт атты қос қызы бүгінде Алматыда тұрады.
Уәли Мизамғалиевтың жас кезінен жақсы досы, ұзақ уақыт бірге қызмет істеген Есенкелді Әмірғалиев салтанатты сәтте әңгімені әріден бастады. Сөйтсек, Атырауда алғашқы жылу жүйелерін пайдаланбас бұрын алдымен сонау Молдавиядан бірнеше жас маман курстан өтіп келіпті. Сондағы қондырғылар да біздікіне ұқсас екен. Соны көзімен көріп, қолымен ұстаған. Мұнайлы мекенде бірінші турбинаны қалай іске қосқандарын тебірене еске алды.
Тағы бір ардагер Леонид Ли қалада тұрғын үйлердің жаппай салынуына байланысты жылу энергиясын тарату қызметінің күрт өскендігін, сол сын сағатта байырғы жұмысшылардың сыр бермегенін жиналғандарға айтып берді.
Рашид Янаев жылу жүйелері кәсіпорнының бірінші директорының алғашқы орынбасары болыпты. Кезінде Молдавияға барған мамандардың санатында екен. Уәли Мизамғалиевтың аспирантурада оқығандығын, бірақ ғылымнан гөрі өндіріске бүйрегі көбірек бұрылғанын айтып өтті.
Осы саланың үшінші бастығы Еламан Ильясов ардагер ағаларын үлгі тұтатындығын жасырмады. Олардың адамгершілік қасиетін, үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлай білгендігін сағына еске алды.
…Салтанат соңында Уәли Мизамғалиевтың ұлы Түсіп осы шараны ұйымдастырушыларға рахметін айта отырып, шын ризашылығын білдірді.
Осындай шаралар мерекелік бағдарлама аясында бүгін №КОСС және ертең №43 жылу бекеттерінде ұйымдастырылады. Оларға сәйкесінше қарапайым еңбек адамдары Александр Егоров пен Еспан Дауылбаев есімдері беріледі.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз