«Садақа Сіздің ғұмырыңыздың соңғы нүктесі болмасын»: коронавирустан емделіп шыққан атыраулық журналист ауруханадағы жағдай туралы айтты

1 3 scaled COVID-19: Соңғы поштадан...

Былтыр мұндай уақытта «пәленше қайтыс болыпты», «түгенше ковидтан үш күн ауырып, дүние салыпты», «ана жігіт коронавирустан ауырып қалыпты» деген жантүршігерлік хабарлар төбеден түскендей дүңкілдеп жатыр еді. Біреулер соны да елемей, жайбарақат тірлік кешті. Міне, дәл сол картина, аздаған өзгеріс-штаммен, биыл да қайталанып жатыр. Ең сорақысы, бұл жолы да халық ауруды қабылдамай жүр…

26 шілде мен 2 тамыз аралығында Атырау облыстық ауруханасының урология және нефрология бөлімшесінің базасында жасақталған КВИ-бөлімшесіне жатып емделіп шықтым. Бір аптада өзімді құлан құрықтағандай сезінсем де, дәрігерлер қояр да қоймай, «бір аптадай учаскелік дәрігердің қадағалауында болуымды» мұқияттады. Еңбекке жарамсыздық бетшесін жаппады.

Соған қарағанда, сырқат бар!..

Өмірімде ауруханаға барып екпе салдырып көрмеген адамға төрт қабырғаға телміріп, бір апта жату азап екен. Тым болмаса, аурухананың ауласына шығып серуендеуге де рұқсат жоқ – КВИ-бөлімше!..

Бір аптада көргенімді көңілге тоқыдым. Сөйтсем, қазір әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі лақапты таратып жүрген – сырқатқа сенімсіздік туындатқандар. Жақсы танитын, алды-артына бажайлап қарай білетін бір азамат өкпесі 20-25 пайызға дейін зақымдалып, ауруханаға жатуын өтіндім.

 «Жоқ, үйден емделетін болдым. Анамның қалауы» деді. Арада екі-үш күн өткенде, өкпесінің зақымдалуы 40 пайызға жетіп мазасы кете бастады. Менен ауруханаға алғызуды сұрады. Амал не, қолдан ке-лер қайран болмады, бұл кезде аурухана науқасқа лық толы еді…

Менің ауруханаға түскенімді естіп, бір танысым телефон шалды. «Не ауру?» Бұрын мен аурухананың есігінен қарап көрмеген соң таң көрінген шығар. Айттым.

– Дәрігерлер дұрыс қарап жатыр ма?

 – Иә. Ауруханадағы дәрігерлердің науқасты қарауында еш мін жоқ. Күн демей, түн демей, құрақ ұшып жүр. Тыныштық па?

– Бауырым, сен ауруханадағы дәрігерден қорықпай-ақ қой. Сен емханадағы учаскелік дәрігерден сақ бол, – дедім.

– Неге? – деп, жан дауысы шығып кетті.

– Ауруханаға жататын күні компьютерлік томографияға түсіп келіп, өз учаскем бойынша үйден мобильдік топ шақырдым. Телефон жауап бермеді. Әупірімдеп жүріп, учаскелік дәрігердің ұялы телефонын тауып хабарлассам,  «КТ деген катастрофа емес, мобильдік топтың Сізге баруға уақыты жоқ. Керек болса, КТ-ның берген қағазын мен айтып бере аламын. Сол бойынша диагноз бен процедурасын да тағайындап беремін. Сонымен дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алып, үйден емделіңіз» деп «ірілік танытты». «Сонда менің немен, қалай сырқаттанып жатқанымды, қосымша кеселдерімді анықтамайсыз ба?» «Жоқ, КОВИД-те қосымша эффект деген болмайды.

Үйден күтіңіз. Ертеңге дейін бармаса, өзіме хабарласыңыз. Назначение жасаймын» деді учаскелік дәрігер. Ақыры, сол күні кешкісін ауруханаға түстім. Келесі күні облыстың медициналық сақтандыру қорындағы таныстарым арқылы учаскелік дәрігеріме «шықсам», «Мен сізге олай деген жоқпын» деп қарап отыр. Міне, учаскелік дәрігердің сырқаттың жағдайына деген көзқарасы!.. Ал, ауруханадағы дәрігерлер алтын ғой!..

Той мен садақа өткізуді шектеу тура-лы санитарлық дәрігердің бірнеше мәрте қаулысы да жарияланды. Облыс әкімінің өзінен бастап, орынбасарлары, қала, аудан әкімдері халыққа түсінік жүргізіп жатыр. Бірақ одан нәтиже шамалы.Қаперге алайық, санитарлық дәрігер жаназа шығаруды шектеп жатқан жоқ. Тек САДАҚА ӨТКІЗУДІ ғана!..

Басында торғайдай мыйы бар жанға түсінікті ғой. Қанша қымбат жан болса да, ол дүниеден өтіп кетті. Енді оған жетері – дұға ғана!..

Ал, дұғаны марқұмның отбасынан отырып оқыған не, өз төріңде отырып бағыштаған не?! Жеті қат көктегі Аллаға жетер қасиетті Құран сүрелері қай дастарқанның басында отырса да қабыл болатыны ләзім.Қысқасы, біз әлі де «ұзын арқан, кең тұсау» ниетпен жүрміз. Өзге өңірлерде қайдам, қазір Атырау облысындағы ауру-ханалар түгел дерлік науқасқа толы. Енді тіпті, перзентхана, кардиоорталық тәрізді мамандандырылған емдеу мекемелерін түгелдей КВИ-ауруханаларға айналдыру мәселесі де қарастырылып отыр.Өз көзіммен көрдім, ауруханада таңертең бірге отырып оразамызды ашқан апталдай азамат түске жете бере ауа жетпей «жүріп кетті». Өзіне-өзі күтім жасамаса, дәрігер тұрмақ Құдайың келсе де сақтап қала алмайды екен. Жалған, өмір-ай!..Мынау пәнидің қас-қағым сәт екенін көзбен көріп, куә болғанда ғана мойын-дайсыз. Әйтпесе, пенде шіркінде пай-ымдау жоқ, парық жоқ. Садақа жағалап жүргенде, КОВИД деген тажалыңыз тепеңдеп жетіп келеді.

ҚҰРМЕТТІ КӘСІПКЕРЛЕР!

Сіздің де кәсібіңіз тоқтап қалған шығар, ол – әлемдегі зауал. Экономикалық дағдарыс. Соны ескеріңіз!..Тіпті, кейбіріңіз «алдын-ала тойға алып қойған тапсырысыңыздың ақшасын  қайтармаймын»  деп қорқытып жүр екенсіз. Оныңыз адамшылық емес!

Осының барлығын ойша сараптай келгенде, той-садақа өткізуге ЛОКДАУН КЕРЕК, ағайын. Өлген адам өліп кетті, ендігі жерде қалғанының қайырын сұраңыз. Дәрігердің дауасын жаныңызға да, тәніңізге де дарыта біліңіз!..

Әйтпесе, жиған-тергеніңізді берген Құдай беліне қыстырып кетпес. Той өткізуден бәсеке болып, мүйіз шығар болса, қазаққа, әсіресе Атыраудың қазағына шығар еді. Тоқтал, қазақ, тоқтал! Өзекті жанға бір өлім, ол – анық!Тек ерте ме, кеш пе, келер ажалыңды өз қолыңмен шапшаңдатпа. Алланың бұйрығын күтіңіз. Садақа Сіздің ғұмырыңыздың соңғы нүктесі болмасын.

ЛОКДАУН КЕРЕК, ЛОКДАУН!..

Назарбек Қосшиев, журналист

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз