2% ипотекаға пәтерді қайталама нарықтан алуға болады

20190402100533 Жаңалықтар

Atr.kz/ 2 сәуір, 2019 жыл.«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова 2 проценттік ипотеканы беру шарттарын түсіндірді.

«Біз шамамен мамырдың соңында бастаймыз. Себебі осы бастаманы республика бойынша іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінуі керек. Бейсенбі күні Сенаттың пленарлық отырысы болады. Одан кейін Республикалық бюджет туралы заңға қол қойылады. Ал осы сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіледі. Онда 2 проценттік ипотеканың нақты шарттары көрсетілетін болады. Бюджеттен ақша бөлінгеннен кейін біз кредиттік келісімшартты рәсімдейміз де, жеңілдетілген баспана несиелерін беруді бастаймыз», – деді Л.Ибрагимова.

Оның айтуынша, жаңа бағдарламамен барлық аймақтарды қамту жоспарланған. Соның ішінде моноқалалар мен ауылдық жерлер бар.

«Біз шағын қалаларда, моноқалаларда және аудан орталықтарында несиені көптеп беруді көздейміз. Себебі ол жерде де көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Осыған байланысты Үкімет 2 проценттік кредиттерге қайталма нарықтан пәтер сатып алуға рұқсат берді. Жалпы, осы бағдарламаға республикалық бюджеттен алдымен 50 миллиард теңге түсуі керек. Одан кейін 2020 жылы тағы 50 миллиард және 2021 жылы тағы осы сома беріледі», – деп атап көрсетті Л.Ибрагимова.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 проценттік ипотека беру мәселесін қарыстыруды тапсырған болатын. Аталған несие нақты үш категорияға берілуі керек. Олар – көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар.

Халық арасында «Аталған несиені ауқаттылар алып кетпей ме?» деген сұрақтар да болды. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айлық табыстың шекті мөлшерін белгіледі. Одан жоғары алатындарға 2 проценттік несие алуға рұқсат берілмейді. Министрлік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін баспана несиесінің ай сайынғы төлемақысын да жариялады. Тұтынушылық кредиті бар отбасыларға да тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік бар.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз