UTEBAYEV UNIVERSITY «BETT SHOW 2025» көрмесінде өз жобаларын ұсынды
Лондонда өтіп жатқан «BETT SHOW 2025» халықаралық білім беру технологиялары көрмесінде UTEBAYEV UNIVERSITY инновациялық жобаларын таныстырды. Университет осы ауқымды іс-шарада «VR Виртуалды кен орны» атты бірегей жобасын ұсынды.
«VR Виртуалды кен орны» – бұл мұнай-газ кен орындарын виртуалды шынайылық технологиясын пайдалана отырып зерттеуге мүмкіндік беретін инновациялық жоба. Сонымен қатар, ол студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Жоба білім беру үдерісіне цифрлық шешімдерді енгізудің мүмкіндіктерін және олардың мұнай-газ саласында қолдану перспективаларын көрсетеді.
– Біз «BETT SHOW 2025» көрмесінде өз жобамызды таныстыру мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл UTEBAYEV UNIVERSITY қолданатын білім беру технологияларының жоғары деңгейін дәлелдейді. Біздің басты мақсатымыз – заманауи индустрия талаптарына сәйкес келетін, алдыңғы қатарлы цифрлық құралдарды қолдана отырып, жоғары білікті мамандар даярлау, – деп атап өтті Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.
Көрме қонақтары университет жобасына жоғары баға беріп, оның жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын кадрларды даярлаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Әсіресе, өндірістік процестерді виртуалды ортада модельдеу мүмкіндіктері үлкен қызығушылық тудырды.
«BETT SHOW 2025» көрмесіне 130 елден 600-ден астам қатысушы, соның ішінде білім беру саласының көшбасшылары мен әлемдік деңгейдегі сарапшылар қатысты. UTEBAYEV UNIVERSITY үшін бұл іс-шараға қатысу өз жетістіктерін көрсету ғана емес, тәжірибе алмасу және халықаралық серіктестіктер орнату жолындағы маңызды қадам болды.
UTEBAYEV UNIVERSITY-дің «BETT SHOW 2025» көрмесіне қатысуы университеттің білім беру үдерісіне инновацияларды енгізуге, мамандарды даярлау сапасын жақсартуға және Қазақстанды халықаралық аренада танытуға деген ұмтылысын айқындайды.