Атырауда білім сапасы неге төмен?

2022 02 20 20220220 160136 Білім

Облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының директоры Данагүл Баймашеваның мәліметтеріне сүйенсек, өткен оқу жылымен салыстырғанда биыл I тоқсан бойынша 1,5 пайыз өсім байқалады.

Ал, II тоқсан нәтижесі еш өзгеріссіз. Тіпті, Мақат ауданында сапа көрсеткіші түскен.

–Мектепішілік бақылау жұмысының әлсіздігі – жылдар бойы қордаланған мәселелердің бастауы десек қателеспейміз. Мұның салдары, сайып келгенде білім сапасының төмендеуіне әсер ететін фактор. Былтыр да, биыл да мектепішілік бақылауды жетілдіру, мектеп активтері қызметін жандандыру, сабақты, іс-әрекетті зерттеу циклдерін мақсатқа орайластыра ұйымдастыру бойынша әдістемелік қолдау шаралары қарқынды жүруде, – деді Данагүл Қонысқызы.

Оның айтуынша, мектептерді заманауи физика, биология, химия кабинеттерімен, STEM зертханалармен жабдықтау және цифрлы ресурстармен қамту қайта қарауды қажет етеді. Өйткені, арнайы жүргізілген зерттеулер мен сауалнамалар барысында педагогтар сапалы білім беруге материалдытехникалық жабдықтаудың да өзіндік әсері бар екендігін жеткізген.

«Сонымен бірге оқушыларға академиялық білім беру сапасын арттыру, функционалды сауаттылықтарын дамыту, сол арқылы халықаралық зерттеулерде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін мектептерді цифрлық ресурстармен қамтуды жолға қоюымыз керек. Біз өз тарапымыздан «Білімлэнд» компаниясының «Білімцентр» порталын, «Аман-сұлтан» компаниясының платформаларын сатып алуды ұсындық. Бұл цифрлық ресурстарда PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық зерттеулеріне оқушыларды да , мұғалімдерді де дайындау мүмкіндіктері бар. Алдағы сәуір айында TIMSS, ICILS зерттеулері басталатынын ескерсек, бұл мәселені де тез арада шешу керек деп есептейміз» деді ол.

Сонымен қатар, әдіскерлер мұғалімдерге көмек көрсететін бірден-бір маман болғандықтан олардың қатарын әлі де көбейте түсу туралы ұсынысын білдірді. Себебі, республика бойынша алғанда, атыраулық әдіскерлердің саны аз. Спикер ата-аналар мен оқушыларға көмектесетін арнайы психологиялық қолдау орталықтың қажеттігін де қаперге берді.

Бүгінге дейін Павлодар, Ақтөбе облыстарында ашылған мұндай орталықтар өзінің тиімділігін көрсеткен. Сондықтан, өзге өңірлердің тәжірибелеріне сүйеніп, екі жыл бұрын суицид жөнінен алғашқы үштікте болған Атырауда да психологиялық орталық ашудың маңызын атап өтті.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз