Білім

Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ

Былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігінің, биыл Қазақстан Республикасы Президенті жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы – бүгінде ғылым саласына қаншалықты мән беріліп отырғанының айғағы. Бұдан басқа елде ұлттық ғылым академиясы құрылымдық тұрғыда мемлекетке беріліп және салаға бөлінетін қаражаттың көлемі артты.

ӨҢІРДЕ ДОКТОРАНТУРА АШЫЛСА…

Ертең Ғылым қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Кәсіби мереке Қазақстан ғылымының көшбасшысы, Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен орайластырылған. Қазақстан табиғи ресурстарға қаншалықты бай болғанымен, заманауи ғылымды дамытпай мемлекеттің қуатын арттыра алмаймыз. Өйткені, елдің халықаралық аренадағы ықпалы ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенеді. Мемлекет басшысы айтқандай, біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 344 профессорлықоқытушылық құрам бар. Оның ішінде ғылыми дәреже деңгейі – 35 пайыз. 2015 жылдан бастап 60-тан аса жас ғалым PhD докторантурасына түсіп, бүгінде оның бірқатары жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін көтеруде.

Бүгінде Атыраудың ғылыми әлеуетін көтеру маңызды. Жастарды ғылымға көбірек тарту үшін жергілікті жерде докторантура ашылуы керек. Біріншіден, қазір жастардың бәрінің бірдей орталыққа барып, оқитын мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, Алматы, Астана қалаларында білім алғандардың кейін Атырауға қайтып келуі өзекті болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарды университет жүргізуде. Осы жаңа оқу жылынан бастап, математика, тарих, экономика салалары бойынша докторантура ашу жоспарланды. Қажетті жұмыстар екі жыл бойы жүргізіліп жатыр. Бұл бағыт бойынша салалық министрліктің де қолдауы өте маңызды.

Атырауға наурыздағы сапарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз қолдауын білдірді. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктерден ғылыми кадр ортасын қалыптастыруға байланысты іс-шаралар, қолдаулар болуы шарт. Себебі, жергілікті университетке келіп, еңбек еткен ғалым өңірдің экономикасына, ғылымы мен білімінің сапасын арттыруға үлес қосады. Ол біздің болашағымызға салынған инвестиция болып есептеледі.

ЖЕТІСТІК КӨП, ЖОСПАР АЙҚЫН

Ғылыми жобаларды қолдау және қаржыландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Университет былтыр гранттық қаржыландыру бойынша – 2, «Жас ғалым» постдоктарантура бойынша – 4, бағдарламалық-нысандық қаржыландыру негізінде 1 жоба ұтып алды. «Биллингвальды (екі тілді) білім бағдарламалары жоғары оқу орнындағы математика және физика мамандығы кәсіби-коммуникативтік құзыры мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың әдісі ретінде», «Жеке және отбасылық өмірді ақпараттық технологияның даму жағдайында құқықтық қорғауды жүзеге асыру проблемалары», «Қазақстандағы балалар мен жастар баспасөзінің қалыптасу типологиясы мен тақырыптық ерекшеліктері», «Алтынордалық Сарайшық қаласы цитаделін қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар (ХІІІ-ХVІ ғ.ғ.)» ғылыми жобалары жүзеге асты.

Сондай – ақ, студенттермен ғалымдардың жаңа технологияларды игеріп, ғылыми еңбектерімен дәрістерінің пайдалану аясын кеңейту мақсатында Жаппай ашық онлайн курсы (MOOC) оқыту әдістемесі аясында онлайн курстармен вебинарларды жазу бейнестудиясы мен IT сыныптары ашылды. Бұл кабинет, біріншіден, болашақта онлайн оқу немесе кейбір сабақтарды онлайн режимге көшіру үшін жақсы бейнеконтент қалыптастырады. Екіншіден, ҰБТ-ға дайындық кезінде мектеп оқушыларына сапалы бейнедәрістер ұсынып, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім алып жатқан өзіміздің және шетелдік студенттер үшін кейбір пәндерді онлайн оқытуға мүмкіндік береді. Сол арқылы біз оқытушы ғалымдар түсірген бейнекурстарды әлемдік, халықаралық платформаларға шығарып, ұсына аламыз. Қазір біздің алдымызда ғылымды жаңа бағыттар бойынша дамытудың ауқымды міндеттері тұр. Соның ішінде қоғамның кадрлық және интеллектуалдық резерві, қозғаушы күші болып саналатын жас ғалымдармен жұмыстар барынша жанданып жатқанын айту керек. Университетімізде еңбек етіп жүрген Аққали Ахмет, Болат Мұхамбетов, София Сағындықова, Бақтыбек Таубаев, Қадыр Жүсіп секілді ғалымдар облысқа ғана емес, республика көлемінде танымал.

КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕС ҚҰРЫЛУЫ ҚАЖЕТ

Ғалым өңірге және өндіріске қажетті зерттеулермен айналысуы керек. Соңғы күндердегі қаладағы ауаның ластануы, жалпы аймақтағы экологиялық ахуал тұрғындарды алаңдатуда. Біздің ғалымдар да өз ғылыми жобаларында өңірдің экологиялық жағдайы, Жайық және облыстағы басқа да өзендердің суының тартылуы, топырақтың құнарсыздануы, азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарына мән беруде. Алдағы мақсатымыз ғылыми жобалардың қолданбалы маңызын арттыру, өндіріске енгізілуіне қол жеткізу болып отыр. Өткен жылдан бастап ғалымдар өңірдегі ірі мұнай компанияларының эксперттік комиссиясының құрамына кірді.

Көптеген қоғамдық кеңестерде, республикалық деңгейдегі ғылым және жоғары білім бойынша эксперт ретінде қатысып, өңірлік университеттің ғылыми әлеуетін көрсетуде. Дегенмен, өлкенің білімі мен ғылымын дамыту, осы бағыт бойынша өзекті мәселелердің уақытында шешілуі, ғылыми қадр дайындау мәселесі, өңірдің дамуына қажетті ғылыми жобалардың пайда болуы, Атыраудың жер қойнауы байлығын пайдаланып жатқан ірі өндіріс орындарының ғылым мен білімге қосқан үлесін арттыру, ғылым жетістіктерінің өңірге қызмет етуін қамтамасыз ету, басқа да өзекті мәселелерді шешу үшін облыс әкімі жанынан арнайы білім, ғылым, мәдениет және денсаулық саласы бойынша консультативтік кеңес болуы керек деп ойлаймын.

Бұл жергілікті биліктің, қоғамның осы бағыттағы жұмысын жүйелі, тиянақты жүргізу үшін маңызды. Жыл сайын аталған кәсіби мерекенің мәні артып келеді. Университетте дәстүрлі түрде академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою арқылы ғылымға және барлық ғалымға айрықша құрмет білдіріледі. Сонымен қатар, 10-21 сәуір аралығында «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» халықаралық жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде. Университеттің жастарын ғылыми ортаға тарту, гранттық қаржыландырулар конкурстарына қатысуы үшін жас ғалымдар кеңесі ғылым департаментімен бірлесіп, «Science Cafе» жобасы аясында бірқатар шара ұйымдастырылуда. Мұндай жүйелі жұмыс жалғасын таба береді. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқандай, «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ». Бүгінгіміз жаңашыл, келешегіміз кемел болсын десек, білім мен ғылымды, ғылым мен өндірісті ұштастырып, жасампаз өзгерістер алып келген жаңа заман талаптарына қашан да сай болғанымыз жөн-ақ.

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор,

Ұлттық педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button