ОҚУ МЕН ӨНДІРІСТІҢ БАЙЛАНЫСЫ
Осы жылдар аралығында көптеген мамандықтардың сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде жасадым. Әр жылдары болашақ мамандарды дайындау ісіне өлшеусіз үлес қосқан білікті ұстаздармен бірге қызметтес болғанымды мақтаныш санаймын. Әлі есімде, алғашқы жылдары оқу орнына тәжірибелі мұғалімдер қызметке шақырылды. Олар А.Қаленова, Ұ.Қапанова, Д.Масатова, Р.Әбішова, Х.Сахыпова, М.Сергеева, Ж.Қалимова, А.Кульчиева, Б.Ищанов, Н.Жамилова, М.Зинелова, Р.Ахатова, М.Құттыбаева, т.б. болатын.
Жасыратыны жоқ, орта мектептерде жұмыс жасап жүрген мұғалімдер үшін педагогикалық училищенің бағдарламасы бойынша болашақ мамандарды дайындау ісінде қиындықтар да болды. Оқу ордасында сыныптан тыс тәжірибе жұмыстары да қатар жүргізілді.
Сырттай оқу бөлімінде де қосымша сабақтар өткізіліп, қажетті кеңестер беру дағдыға енді. Арнайы кабинет жабдықталып, оған мектеп, балабақша бағдарламалары, қосымша әдебиеттер тізімдері, курстық, бақылау жұмыстарының орындалу үлгерімі назарда ұсталды. Ұжымға кейінгі келген жас директорлар да өздерінің іскерлік, жастық жалынын ала келді. Олар да біз айтқан алдыңғы толқын аға-апаларының өнегелі істерін жалғастыра отырып, «жаңару мен жаңғыру» процесін жүргізе білді. Қазіргі заман талабына сай оқу кабинеттері жасақталды. Әсіресе, зейнеткерлікке шыққан біздер сияқты ардагер ұстаздармен қарым-қатынас колледж басшыларының назарынан тыс қалған емес. Біз, ардагерлер, аталмыш оқу орны жас мамандарды дайындау ісінде алдағы уақытта да жарқын белестерден көріне беретініне сенеміз.
Сатымғали ҚАБДЕЛОВ,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы.