
NIS Қытайдың жетекші университетімен меморандумға қол қойды
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде. Жаңа серіктестер қатары Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шэньчжэнь қаласындағы Гонконг Қытай университетімен (CUHK-Shenzhen) толықты.
Ынтымақтастық туралы меморандумға NIS Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов пен CUHK-Shenzhen университетінің академиялық байланыстар кеңсесінің директоры Пол Ке қол қойды. Құжат бакалавриатқа үміткерлерге арналған Халықаралық ашық есік күні аясында рәсімделді.
Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ынтымақтастық зияткерлік мектептердің оқушыларына білім кеңістігін кеңейтіп, жаңа көкжиектерді бағындыруға жол ашады. Шәкірттер заманауи білім беру әдістерімен танысып, халықаралық академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болады.
Келісім аясында CUHK-Shenzhen университеті NIS түлектеріне екі толық бакалавриат шәкіртақысын тағайындады. Бұл шәкіртақылар «Бизнес-әкімшілендіру (қаржылық инжиниринг)», «Аударма ісі (қытай-ағылшын тілдері)» және Музыка мектебінің мамандықтарынан басқа барлық білім беру бағдарламаларына қолжетімді.
Зияткерлік мектептердің бірегей NIS-Programme білім беру бағдарламасын әлемнің бірқатар беделді университеті ресми түрде мойындаған. Қазір NIS түлектерінің дипломдарын Қазақстандағы 24 және шетелдегі 69 жоғары оқу орны қабылдайды. Бұл түлектерге әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы оқу ордаларына түсуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, QS World University Rankings 2025 жаһандық рейтингінде 36-орынды иеленген. Кампустары Шэньчжэнь және Гонконг қалаларында орналасқан. Оқыту үдерісі халықаралық білім беру стандарттарына сай ағылшын тілінде жүргізіледі. Университетке түсуші талапкерлер – Қытай мектептерінің үздік 0,5–1% түлектері.
NIS өкілдері CUHK-Shenzhen университетінің академиялық бағдарламаларымен, студенттерді қолдау жүйесімен, халықаралық алмасу мүмкіндіктерімен және түлектерге арналған мансаптық бағыттарымен танысты.
–Сапар барысында цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған қазіргі замандағы білім берудің болашағына қатысты пікірталастарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар CUHK-Shenzhen университетінде білім алып жатқан NIS түлектерімен кездесу өтіп, олар өз оқу тәжірибелерімен бөлісті. CUHK-Shenzhen университетімен орнаған ынтымақтастық NIS-тің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, оқушыларға әлемнің үздік жоғары оқу орындарының біріне түсуге бірегей мүмкіндік береді, — дейді NIS Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов.
Бек АЙДАРӘЛИ