NIS оқушылары Атырау мұнай және газ университетінің грантын иеленді
Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шығарылды.
Баси2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.
Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.
– Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауапкершілігін растайды, сондықтан біз «Caspian Startup-2022» байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық, – деп атап өтті Ақтаудағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова.
Ең мықты авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіпқойларынан іріктелген беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.
Алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы өтті. Үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірледі, келешегі зор жобалардың авторлары өз жетістіктерін көрсетіп, қорғау үшін Ақтауға келді. Demo Day алаңында Astana HUB өткізген шеберлік сағаттар топтамасы да сұранысқа ие болды. Оқушылар бірінші шеберлік сағатта «Стартап және технологиялық кәсіпкерлік дегеніміз не?» сауалы төңірегінде білім беру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Назира Ізбасармен бірге ой бөлісті.
Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов пен Astana HUB-тың басқарушы директоры Жамбыл Махметов қол қойған меморандум NIS пен IT-стартаптардың халықаралық технопаркі арасындағы табысты ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды.
Арман Жалғасбаев, көкшеутаулық команда және Ақтаудағы NIS өкілдері Диана Куванбай мен Данил Мухалев («Робот-терапевт SenimPlus» жобасы) Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттарын иеленді. Сондай-ақ үздік жоба авторларына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің гранттары табыс етілді.
NIS және Astana HUB-тың жазғы мектебіне Маңғыстау облысының 150-ден астам оқушысы мен мұғалімі қатысты, олар үшін стартап мәдениет және цифрлық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тренингтер мен шеберлік сағаттар дайындалды.
«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Дастарханның басты асы әзірленген бауырсақ-пати бизнес пен IT-саласының болашақ жұлдыздарына жаңа серпіліс пен қуаныш сыйлады.