ӨМІРЛІК ӨНЕГЕ ТЕҢІЗДЕН ТЕРЕҢ, ТАУДАН БИІК

...Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезіміз. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ауырып қалып, екі сыныпты біріктіріп, математика пәні өтті. Ұстазымыз жаңа тақырыпты түсіндіріп болып, есеп шығарта бастады. Тақтада үш оқушы есепті шығарып, дәлелдей бастады. Кезек маған келді. Маған күрделілеу түрі бұйырыпты. Жаңа тақырыпты толық түсіндім. Бірақ, неге екенін білмеймін, есепті шығарғанмен толық дәлелдеуді ауызша жеткізе алмадым. Ұстазым «Отыр! Үш!» деді. Бұрын «үш» деген бағаны алып көрмеген маған бұл қатты батты. Бойымды ыза буып, жылап та алдым. Сыныптастар «сен ұмытып қалған сияқтысың, өйтпейтін едің ғой» деп, жан-жақтан  жұбатып жатыр. Осы «үш» деген бағаны маған

қойған математика пәнінің мұғалімі – өзімнің әкем болатын.

Үйге келгеннен кейін, үйдегі үлкен әжеме «үш» алғанымды айтып, жылап жібердім. Әжем жұбатып жатыр. «Ертең оқып барып, жақсы баға аласың. Ештеңе етпейді» деп қояды. Әкем жұмыстан келді. Үйдің іші тып-тыныш. Әдеттегідей әкем тамағын бір кенеп алды да, аяқ киімін шешіп, дәлізге өтті. Сол кезде әжем «Бүгін мына бала сабақтан жылап келді, өзі күнімен-түнімен сабақ оқиды. Сонда қалай «үш» алады? Баладан «бесті» неге аяйды, түсінбеймін…» деді. Мен болсам пештің түбінде бүрісіп отырмын. Әкем «оқу керек, оқу керек» дегеннен артық ештеңе айтпай, үлкен бөлмеге өтіп кетті. Әкемнен қысылғаным соншалық, тамақты да жарытып ішпедім. Мектептегі оқиға туралы бөтен әңгіме болған жоқ. Әкемнің бір жақсы қасиеті – мектептегі болған жайтты үйде қозғамайтын.

Түстен кейін әкем «Айнұр, геометрияңды алып, мында келе ғой» деп шақырды. Есепті маған түсіндіріп, шығару жолдарын дәлелдеп көрсетті. Келесі есептерді өзім шығара бастадым. Әкем басын изеген сайын риза болып, алға қарай ұмтыла түсемін. Сөйтіп, келесі күні сабаққа көңілді бардым. Кезекті есептерді шығарып бергім келіп, қолымды көтердім. Әкем менен сабақ сұрамады. Онысын жақсы түсіндім. Өйткені, тапсырманы өз күшіңмен орындауың керек дейтін. Мен ережелерді жаттағаныммен, оны есептерді шығаруда дәлелдеп қолдана алмайтын қателігімді түсіндім. Геометриядан қанша «бес» деген баға алуға тырыссам да, әкемнен көбіне «төрттік» баға алатынмын. Анда-санда тартып алғандай болған «беске» іштей риза болып, жүріп жаттым.

Оныншыны аяқтап, барлық сабақтан емтиханды «беске» тапсырдым. Аттестатты қолым алғанымда, геометриядан «төрттік» бағаны көріп, әкемнен неліктен деп сұрағанымда: «Соңғы екі тоқсан «төрт», сондықтан «төрттік» түседі» деген жауап алдым. Оған да риза болдым. Мектепті бітіргеннен кейін, екі оқу орнын үздік дипломмен бітірдім. Осылайша әкемнен алмаған «бестікті» басқа ұстаздардан алып, оларды терең біліміммен риза еттім. Қазір өзімді әкемнің салған сара жолымен келе жатырмын деп есептеймін. «Математиканы оқытуда қазіргі жаңа технологияларды қолдану» тақырыбында кітап жазып, оны Астанада өткен «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсында қорғап, бірінші орынды иемдендім. Әркез жетістікке жеткен сайын әкемнің тәрбиесі еріксіз ойға оралады. Отбасында әкенің орны ерекше, тағдырдың қандай сынына да қарсы тұрып, ұрпағының бақыты үшін өмір майданында күреске түскен, басына қандай қиындық туса да сыртқа білдірмей, табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ардақты әкелердің арқасында шалқып жүргенімізді қалай ұмытамыз?

Биыл, міне, елге сыйлы азамат, ортасына қадірлі, отбасына аяулы, әулетіне қамқор, өңірге танымал тұлға, ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, асқар таудай әкеміз Шайжан Ахметовтің дүниеден озғанына он жыл толды. Өмірі өнегелі, сөзі берекелі болған әкемізді бүгінде өңір азаматтары, аудан тұрғындары, ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдастары мен ұрпақтары, шәкірттері ұмытпақ емес. Ұлағатты ұстаз болған Шайжан Исағалиұлы 1936 жылы Қызылқоға ауданының Қаттыкөл ауылында дүниеге келген болатын. Әкесі мен анасының тәлімді тәрбиесін ол Мәншүк, Сағидолла, Орынша, Шамжан атты бауырларымен бірге көреді.

1944-1954 жылдар аралығында Қаракөл орта мектебін бітірген соң, 1954-56 жылдары Гурьев мұғалімдер даярлайтын курста білім алған. Дәл осыдан кейін 1956-1961 жылдары Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білімін ұштайды. Білім алуымен қатар, әкеміз еңбек майданына да қызу араласып кетеді. 1956 жылдан бастап 1960 жылға дейін Қаракөл орта мектебінде физика-математика пәнінен дәріс береді. Жастайынан еңбекқорлығымен көзге түскен ол 1960-1966 жылдар аралығында Тайсойған орта мектебінде директор болды. Бұдан кейін Тасшағыл сегіз жылдық, орта мектебінде математика мен информатика пәндерінен білім бере жүріп, осы оқу орнында он екі жыл табан аудармастан оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. 

Көптің ықылас-ниетіне бөленген әкеміз Марияш анамызбен 1958 жылы шаңырақ көтеріп,он бір бала тәрбиелеп өсірді.

Қазір балаларының барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, өз алдына отау тікті. Әкеміздің тәлім-тәрбиесін үлгі тұтып, жолын қуып, төрт баласы ұстаздық қызметті қалады. Ақылы мен пайымы терең әкеміз бен анамыз үлкенді сыйлауға, кішіге қамқорлық жасауға, балаларының өмірден өз орнын табуына жол сілтеді. Біз өзімізді осы ата-анамыздың салған сара жолымен келе жатырмыз деп есептеймін.

 

 Айнұр ИСАҒАЛИЕВА,

№30 мектеп-гимназияның

 жоғары санатты мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз