Осыдан бес мың жыл бұрын адам баласы жазу үлгісін тауып, ойы мен пікірін хатқа түсіру жүйесін жасаған болатын. Сол кезден бастап әріп пен жазу адамзат өмірінің ажырамас бөлігі болып қана қоймай, оның тыныс—тіршілігі мен өмір сүру механизміне айналды. Ертедегі жазуларды бабалардың қолтаңбасы десек, бүгінгі күні олар құнды мұра ретінде мұражайларда сақтаулы. Қазақ ұлты да сан ғасырлар бойы бірнеше үлгіні қолданып келгені аян.
Пікірлер сан түрлі
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы сан түрлі пікірталастар туындай бастады. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлт жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялы қауым тарихтың бұл үрдісіне қарсылық білдіріп келеді.
Алайда, бір анық мәселе бар. Ол қазақ тілі міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Ал, бұған дейін «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген болатын.
Жаңа әріп бізге таңсық емес
Қазіргі уақытта латын қарпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отыр. Сондықтан да, заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек. Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі, ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Мысалы, «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ағылшын тіліне көптеп назар аударылып келеді. Бұл идеяның үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз.
Өзгеріс неге керек болды?
Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек? Негізі, латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүние жүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді және бұл әліпби ақпараттық-технологиялар саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз. Қазір әлемде осы алфавитті қолданушылар өте көп. Біз көптілділік аясында жаппай дайындық жасап жатқан ағылшын тілі де осы алфавитті қолданады. Бүкіл ғаламторда осы әріп. Тіпті, жастарымыз да осы әріпті жазуға әуес. Оның үстіне, бұл біз үшін мүлдем жат нәрсе емес. Кезінде бұл қолданыста болған.
Латын әліпбиін қолдану озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыз осы жазу арқылы қазақ жерінде болып жатқан барлық жаңалықтан хабардар болады деген ойлар да айтылып жүр.
Ортақ мақсат біріктіре түседі
Қазір қоғам да, адамдар да соған санасын үйрету керек. Бірақ, алып-қашпа әңгіме, дүрбелең туғызудың керегі жоқ. Ең бастысы, бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан нәрсе. Басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ әріп. Сонымен қатар, әріп қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімдірек. Біз әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп жатырмыз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, медицина, басқа ғылымдар көбі латынша жазылады.
Қиындығы жоқ бастама
Ел ішіндегі «латын әліппесіне көшу қиындықтар туғызбай ма?!» деген сауалдардың орын алуы заңды. Алайда, менің ойымша, ынталанған адамға бұл әріпті үйренудің еш қиындығы жоқ, әсіресе жоғары білімді немесе шет тілін оқыған адамға. Әңгіме кейбір қазақы әріптерді бір жүйеге салуда. Алысқа бармайық, қазір барлық адам әлеуметтік желіде, фейсбук, ватсап т.б. отырады. Өзара латынша жазу арқылы-ақ үйренуге болады. Қазір сондай үрдіс байқалып жатыр. Бәрінің латынша аты-жөндері құжатта бар. Электрондық пошта бәрінде бар. Сонымен қатар, маңдайша мен жарнамаларды да қосымша латын әліппесімен жаза берсек, көз үйренеді. Тіпті, теледидардағы жүгіртпе жолдар, көше атаулары да біртіндеп көшірілсе, газеттерде қысқаша хабарлар латын тілімен беріліп отырса, үйрену қиын емес. Екіншіден, бұл кириллица ертең қалады деген сөз емес. Ол қосымша жүреді.
Жұмазия Әбдірахманова,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
көптілді білім беру факультетінің деканы,
филология ғылымдарының кандидаты.