«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» ДЕСЕК ҚОЙ, ШІРКІН…

Біздің Құрманғазы ауданының орталығы - Ганюшкиннің атауын өзгерту ортақ бір мәмілеге келе алмағандығымыздан тым ұзап барады. Ауданда Ганюшкин стансасы, орталық Ганюшкин, екі бірдей Ганюшкин бар. Белгілі тарихшы жерлесіміз Мақсот Жолжанов дәлелдеп кеткеніндей осы жерге Ресейдің ішкі жағынан ағайынды Ганюшкиндер келіп қоныстанып, бағалы балық-байлығымызды қисапсыз аулаттырып, келген жақтарына қысы-жазы жіберіп отырған. Міне, бізге Ганюшкиннің тигізген пайдасы.

Аудан орталығына тарихи маңызы бар, өлкенің бет-бейнесіне лайық бір атау қажет. Талай атаулар айтылды. «Жеті арал», «Жүз арал», «Ақ Шора», «Нұрсу», «Арналы», т.б.
Соңғы кездері «Бөкей хан» есімін лайықтаушылар қара көрсете бастады. Қарсылығымыз жоқ, қазақ халқына Бөкейдің сіңірген де еңбегі аз болмас, біреуге жағуы, біреуге жақпауы, ол – заңдылық. Бірақ, атауларға жеке тұлғаларды таңу жөнінде жоғарыдағы ономастикалық комиссияның шектеуі барлығын БАҚ-тар жиі ескерте бастады. Шынында да, дүңгіршектен бастап село, кенттер, мәдени оқу-ағарту орындары ылғи адамдар есімін иеленуде. Сондықтан, бұл шектеуді жөнсіз деуге келіңкіремейді. Әр нәрсенің де шегі, шекарасы болуы ол да заңдылық.
Жұмекен Нәжімеденов оқып, өсіп-өнген Нұржау деген киелі мекеннің бір ақсақалы ретінде бұл мәселеге мен де біраз бас қатырып, ойымды оқырмандармен бөлісуді жөн санадым. Құрманғазы ауданы бүтіндей елдің батыс қақпасы екені рас. Сонау Қап тауынан бері қарай немесе Орталық Азиядан сыртқа қарай ағылған жұрт біздің ауданның үстінен өтеді. Демек, бұл ауданның орталығы сырт көзге тартымды, елдік бейнесі, аты да, заты бір-бірімен берік үйлесімді болуға үндейді.
Аудан Еділдің сан тарау арналарының бойында орналасқан. Ата-бабаларымыздан бері қарай осы өзеннің құтын еміп, талай қиын жылдардан көшіміз аман өтті. Ал, Еділ мен Жайық – арудың қос бұрымындай бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Еділ мен Жайыққа көз алартқандар қай кезде де болған. Талайдың көзінің сұғына айналған айтулы дариялардың өз халқына бұйырмыс етуі есті бабаларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған.
Еділ мен Жайық бойындағы елдің тұтастығы, әлділердің тырнағы батпауы Ұлы Құрманғазының да мәңгілік арманы болды емес пе?! Кешегі өткен Ер Махамбет: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деп жырламап па еді?!
Ал, бүгін сол бірегей бабалардың арманы орындалды. Ұлы Тәуелсіздікке халқының қолы жетті. Еділ-Жайық бойы малға да, ынтымағы жарасқан халыққа да толды. Құрманғазы аталатын Ресеймен көршілес іргелі ауданның Еділдің салаларына оранып жатқан әсем орталығын неге «Еділ-Жайық» атамасқа?! Ұлы бабамыздың атындағы аудан орталығының атауының өзінен ән сазы құйқылжи төгіліп, кәріге де, жасқа да асқақ рухты сезіндіріп тұр емес пе?! Ел келешегі – жастарды біле-білсек осы атаудың өзі отаншылдық сезімге баулып тұрары анық.
Аудан орталығында, аумағында өтетін үлкенді-кішілі мәдени шараларда Илья Жақановтың «Еділ мен Жайығын» сызылта шырқап, аудан атауымен орайластыра алсақ, санасында саңылауы бар жұрт серпілмей ме, ел мен жердің қадірін одан әрі сезіне түспей ме?!
Меніңше, біздің Құрманғазы ауданы орталығының ендігі атауына «Еділ-Жайық» әбден үйлесіп тұр. Қане, елдің зиялысы мен озық ойлысы, бұған сіз не дейсіз?!

Мәдениет ХАРЕСОВ,
ардагер ұстаз,
Нұржау ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз