КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ: АТЫНА ЗАТЫ САЙ МА?

Бүгінгі күні жұмыссыздық мәселесі қаншалықты өзекті болып тұрса, кәсіптік білімнің де маңыздылығы соншалықты артып келеді. Жұмыссыздықты болдырмау, алдын алуда кәсіптік білімнің ықпалы зор. Соңғы жылдары қайта даярлау бойынша арнайы бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылуда. Осы орайда облыс мұғалімдерінің тамыз мәслихаты қарсаңында Атырау сервис колледжінде өткен секциялық отырыста кеңінен әңгімеленді.

 Елбасының халыққа Жолдауынан туындайтын еңбек нарығының талаптарына сай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білікті мамандарды дайындау мақсатын көздеген секциялық отырысты облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев кіріспе сөзбен ашты.

– Жыл сайын өткізіліп келетін тамыз мәслихатының алғашқы отырысын өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшылары мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері арасында өткізуді ұйғардық, – деді өз сөзінде. – Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының мәртебесі «колледж» деңгейіне көтерілді. Бұл, әрине қуанышты жағдай. Әйтсе де, жұртшылық арасында «кәсіптік мектептерге «колледж» статусын беру тек мәртебесін өзгертумен шектеліп қалмай ма, колледж болғаннан кейін техникалық-кәсіптік білім беру деңгейінің ауқымы қаншалықты кеңейеді, шын мәнінде, жұмысшы мамандығын мәртебе санайтындай жағдай орнай ма?» деген түрлі сауалдар туындап отыр. Сондықтан, кәсіби білімді тәжірибемен ұштастырып, өндірістік орындармен тығыз байланыста жұмыстар атқаруымыз керек.
Тамыз мәслихатына қатысушы кәсіби білім беретін ұстаздардың қатарынан өткен оқу жылында ерекше тәжірибесімен көзге түскен Борис Хван, Айнагүл Мақсотқызы, Бейсенбек Имашев, Нұрлан Мүрсәлимов облысты білім беру басқармасы басшысының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Алғашқы секциялық отырысы алты түрлі бағытты көздеді. Атап айтқанда, «техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту – еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің маңызды факторы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, арнаулы пән оқытушылары, өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, өндірістік оқыту шеберлері, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтары, сынып жетекшілері, кітапхана қызметкерлері, әдіскерлері, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық мұғалімдері үшін» деп аталған бағыттар бойынша мұғалімдер өзара тәжірибе алмасты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз