«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» ӘНІНЕ БЕЙНЕБАЯН ТҮСІРІЛДІ

Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі, суретші Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әніне Атыраудағы «Еркеназ» триосы ал-ғаш рет бейнебаян түсірді.

2012 жылы «Еркеназ» аспаптық тобын консерватория түлектері Гүлжан Жұматаева, Бақытгүл Мұрзағұлова, Бекзат Қайырболатов құрған. Топ мүшелері шығармаларды көне ұлттық аспаптар – қылқобыз бен примақобыздың және домбыраның сүйемелдеуімен заманауи үлгіде орындап жүр. Қазір Гүлжан мен Бақытгүл – «Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушылары, ал Бекзат – «Нарын» халық аспаптар оркестрінің белді мүшесі.
– «Еділ-Жайық» әніне бірден бейнебаян түсіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алғашында ойланып қалдық. Бірақ, ақылдаса келе, Илья ағаның өзімен сөйлестік. Ол кісі біздің ойымызды құптап, бірден келісімін берді, – дейді топ жетекшісі.
Жерлесіміз, көрнекті домбырашы, республикалық байқаулардың лауреаты Сәбира Бибатырова өзі бастаған бұл іске қолдау білдіріп, «S.B» продакшн аталатын түсірілім тобымен кеше Атырауға келіп, Жайықтың жағасындағы түсірілімін бастап кетті. Бейнебаянда «Еркеназ» триосы Жайық жағалауында «Еділ-Жайық» әнінің музыкасын орындайды. Ал, басты кейіпкер – Илья Жақановтың шығармашылығынан және немересімен жағада серуендеп жүрген сәтінен үзінділер беріледі. Сондай-ақ, түсірілімде атасы мен немересінің өзара пікірлесуі көрініс табады.
Жалпы айтқанда, бейнебаянда талай туындыларды дүниеге әкеліп, ізінен талантты шәкірттерін ертіп, олардың рухани өсуіне кеңесін беріп отыратын Илья Жақанов тұлғасы әр қырынан көрінеді.
Бейнебаянның толық нұсқасы алдағы күндері облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан көрсетілмек.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз