Атыраулық мұғалім әлемді таңқалдырды!

img 20220913 wa0041 Білім

Атыраулық биолог халықаралық ғылым фестивалінде шеберлік сағатын өткізді.

Елордада өткен «PRO ENERGY FEST» халықаралық ғылым, технология және өнер фестиваліне атыраулық биотехнолог маман Жанар Нұртөлеу үздік сарапшы ретінде шақырылды.

Фестиваль барысында атыраулық ғалым «Дене энергиясы» тақырыбында интерактивті лекциясын өткізді.

«Дене энергиясы» тақырыбында өткен интерактивті сабақта оқушылар жаттығуға дейінгі және жаттығудан кейінгі адам ағзасында болатын өзгерістерді бақылады. Оқушылар арнайы дайындалған индикатор сұйықтығына дем шығарып, сұйықтықтың көк түстен сары түске өзгергенін байқады. ​ Эксперимент барысында ​ реакцияның қалай іске асқанын егжей-тегжейлі түсіндіріп өттім. Мұндай халықаралық фестивальдар ​ балалардың ғылым, технологияға деген қызығушылығын арттыра түседі деп сенемін» дейді бүгінде Абай орталығында «JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы»​ жобасының координаторы болып еңбек етіп жүрген биотехнолог ғалым Жанар Нұртөлеу.

Елорданың тұрғыны, 5 сынып оқушысы Аман Еділ шеберлік сағатының өзіне ерекше ұнағанын айтты.

​ «Адам көп қозғалған кезде, ағзаға көбірек оттегі​ қажет екен. Жақсы демалу үшін​ үнемі спортпен айналысу қажет екенін түсіндім», – дейді​ Аман Еділ.

Еске сала кетелік, елордада «PRO ENERGY FEST» халықаралық ғылым, технология және өнер фестивалі өтті. Фестивальға АҚШ, Ұлыбритания, Ресей сынды әлемнің бірқатар елдерінен үздік сарапшылар, ғалымдар шақырылды. Таңдаулы спикерлердің қатарында Жапонияның Токай университетінің түлегі, бүгінде атыраулық оқушыларға SТEAM бағытындағы жасушалық биология курсы бойынша білім беріп жүрген ​ Жанар Нұртөлеудің болуы үлкен абырой.

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз