БІЛІМ СЫНАҒЫ БАСТАЛДЫ
— Бүгін 11 жылдың жемісін көргелі отырмыз, — деді аталған университеттегі №30 тестілеу орталығының тестілеу өткізу және ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Бейбіт Мамраев. – Тестіні өткізуге университетте барлық жағдай жасалған. Университет базасында үш күннің ішінде екі мыңнан астам шәкірт тест тапсырмақшы. Тест өтетін 13 аудиторияға сақтық шаралары үшін металіздегіштер, бейнежазба камералары, ұялы телефон байланысын тұншықтыратын құралдар орнатылды.
Таң сәріден университет алдына жиналған шәкірттердің жүзінен қобалжу сезімі анық байқалып тұрды. Балаларының үмітін үкілеп келген ата-аналар да университет маңын торлап, тест аяқталмайынша кетпеді. ҰБТ, сондай-ақ, мұғалімдердің де жылдық қызметін саралайтындықтан, ұстаздар да оқушылардың жанынан табылып, кешкі уақытқа дейін нәтижені күтіп, университет алдынан бір адым алыстаған жоқ.
ҰБТ өткізу орталығының жауапты хатшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, тестілеу кезінде бақылау жүргізуге облысымызға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен 15 өкіл арнайы келген.
ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсуге жол ашатын мүмкіндік болғандықтан, берілген үш жарым сағаттың ішінде тест сұрақтарына түгел жауап беруге тырысқан шәкірттер түске жақын аудиториялардан шыға бастады. Кейбірі өздерінің біліміне сеніммен қарап, тест сұрақтары аса күрделі емес болғандығын айтса, басқалары мектеп бағдарламасынан тыс кездескен сұрақтардың кездескендігін жеткізді.
Айта кетсек, Атырау қаласы бойынша биыл 1564 оқушы тестілеуден өтпекші. Ал, Мақат аудандық білім бөлімінің бас маманы Болған Тағаниязованың айтуынша, ауданнан биыл 2004 оқушы мектеп түлегі атанып, тестіге қатысқан 177 оқушының тоғызы «Алтын белгіге», ал, екеуі «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында еді. Дегенмен, олардың біреуі де өз білімдерін ақтай алмады. Тестілеу қорытындысы бойынша ауданның білім көрсеткіші 59,88 пайызды құрап отыр.
Ал, Атырау қаласы бойынша білім аламанының алғашқы күні төрт оқушы «Алтын белгіге» білімдерін дәлелдеп, ұстаздарының үмітін ақтады. Соның ішінде, бір ұядан үш «Алтын белгі» иегері шығып отыр. Атап айтсақ, олар жалпы білім беретін №17 мектеп-лицейінің түлектері – Дина Әмірғазиева, Әлия Жылқыбаева, Айгүл Үрпекова мен №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының шәкірті Нұрсәуле Жалмұханова. Және екі оқушы «Үздік аттестатқа» ие болып отыр.
Сонымен қатар, тестілеудің алғашқы күні облыс бойынша ең жоғары балл жинаған – Атырау қаласындағы №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының оқушысы Дариғаш Сайынова мен Жамбыл атындағы №21 орта мектебін тәмамдаған Сәндібек Мұратұлы. Олар 121 баллға ие болды.
Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Злиха Дүйсекенованың айтуынша, «Алтын белгіге» немесе «Үздік аттестатқа» бір балл ғана жетпеген үміткерлердің сұраныстары бойынша апелляциялық комиссия жұмыстарын жүргізуде.
Кеше облысқа қарасты Индер, Құрманғазы, Махамбет, Құрманғазы және Қызылқоға аудандары бойынша 1411 оқушы 11 жылдық білімін сарапқа салды. Оқушы санының көптігіне байланысты Құрманғазы және Жылыой аудандарында тестілеу маусымның 7-сі күні жалғасады. Ал, облыста білім аламаны маусым айының сегізіне дейін созылмақшы.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.