Әр бала қамқорлық пен қолдауға лайық

img 20220902 wa0025 Білім

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚАРСАҢЫНДА КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИМЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР БОЙЫНША «КҚК-Қ» – БІРІНШІ СЫНЫПТЫҚТАРҒА» АТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ. ОЛ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҮШ АУДАННЫҢ БАЛАЛАРЫНА АРНАЛДЫ.

Есте қаларлық жарқын сәттер Индер ауданынының Құрылыс ауылында мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған балдырғандар ата-аналарымен бірге білім ордасында жиналып, қонақтарды қарсылады. Бірінші сыныпқа баратын 15 баланы демеуші компанияның өкілдері құттықтап, игі тілектерін жолдады. Олардың әрқайсысына іші қажетті оқу құралдарына толы рюкзак-сөмкелер сыйға тартылды. Оған ата-аналар мен кішкентай шәкірттер ризашылықтарын, ізгі ниеттерін білдіріп жатты. Өйткені, оқушыны мектепке дайындау оңай шаруа емес, қыруар қаражатты қажетсінетіні белгілі. Ал, бірнеше баласы оқитын отбасылары үшін мұның тіптен де қиынға түсері сөзсіз. Сондықтан да консорциум тарапынан тұрақты түрде көрсетіл-келе жатқан мұндай қамқорлық пен қолдаудың жөні бөлек, мәні ерек. Осыған орай мектеп директоры Қонысбай Оразбаев демеуші компанияның өкілдеріне шын көңілден алғысын арнады.

– Бүгін білім ордасының табалдырығын тұңғыш рет аттағалы отырған балалар үшін айрықша қуанышты және есте қаларлық күн. Себебі олар оқуға керекті құрал-жабдықтар мен кеңсе тауарларының толық жиынтығын сыйға алып отыр. Компанияның қолдауының арқасында балдырғандар өздерінің өміріндегі қайталанбас бақытты да жарқын сәттердің бірін бастарынан өткерді. 2017 жылы мынау сәулетті де еңселі мектеп ғимараты да осы консорциумның қаржыландыруымен салынған болатын, – дейді мектеп директоры.

Шараға қатысушы ата-аналардың атынан Айгерім Семғалиева да консорциумның жасап отырған жақсылығына жауап ретінде разылығын жасырмады.

– Мен көп балалы анамын. Ұлым Рахман осы жылы мектептің бірінші сыныбына барады. Өткен оқу жылында ол дайындық сыныбында оқып, оны ойдағыдай бітірді, білім алуға деген құштарлығы мен ынтасы зор. Біздер үшін іші дәптер, қалам, қарындаш, сурет салуға қажетті құралдар мен басқа да керек-жарақтарға толған рюкзактың сыйға тартылуы расымен де баға жетпес тарту әрі отбасы бюджетіне елеулі жеңілдік, – дейді ол.

Ал, Айша есімді жас ана мектепке қызын алып келіпті.

– Осындай ізгілікті іске қатысы бар жандардың бәріне де ризашылығымды білдіргім келеді. Біреулері қаржысын бөлсе, екіншілері қажетті нәрселерді сатып әкелді, үшіншілері оны ауылымызға жеткізіп берді. Сол үшін де бірін-бірі қоштаған азаматтарды бөле-жармай, шын жүректен рахметімді айтамын, – деп ағынан жарылды 26 жастағы ана.

«Каникулды не үшін ойлап шығарды екен?» Махамбет ауданындағы Ақтоғай орта мектебі де осыдан сегіз жыл бұрын КҚК-ның қаражатына салынған еді. Қазіргі уақытта мұнда 200-ден астам шәкірт дәріс алуда. Жаңа оқу жылында 18 бала бірінші сыныпқа барады. Консорциумның өкілдері оларды мектеп өмірінің басталуымен құттықтап, сабақты үздік оқып, үлгілі оқушы болуларына тілеулестігін білдірді. Өз кезегінде, мектеп басшылығы ұдайы қамқорлығы үшін демеуші компанияға алғысын жолдады. Сабаққа керекті құрал-жабдықтар салынған сөмкелердің сыйға берілуі балалар үшін шынымен де зор қуаныш сыйлаған, жандарына ізгілік ұялатқан тебіреністі сәт болды. Солардың бірі – мектепке әжесімен бірге келген алты жасар Аяулым. Әжесінің айтуынша, ол бұл күнді жаз бойына тағатсыздана күтіпті. Тіпті, «осы каникулды не үшін ойлап шығарды екен?» деп іштей ренішін де жасырмапты. Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Басқа балалармен бірге Аяулым да іші қажетті нәрселермен толған рюкзактың иесі атанды.

– Оқу жылының алдында осындай керемет сый жасап, тамаша мереке ұйымдастырған, соған ұйытқы болған компания өкілдері мен ел ағаларына аналық жүрегімнен алғысымды арнаймын. Оның үстіне, отбасына да үлкен қолдау екені даусыз, – дейді Мәнсу апа.

Сыйлыққа ие болғандардың қатарында Ерсұлтан есімді бала да бар. Оны қолына алған бойда ішіндегі «қазынамен» танысқан балдырған разылығы мен қуанышын жасырмады. Дайындық сыныбында оқыған кезінде-ақ, ол математика пәніне бейімі барын байқатыпты.

– Консорциумның қашан да балаларға көңіл бөліп, дамуына қомақты үлесін қосып келе жатқаны қуантады. Бұны елдің келешегін, болашақ тұтқасын қалыптастыру үрдісіне қосылған үлес ретінде бағаласақ та артық емес. Кім біледі, бәлкім бүгін мектеп табалдырығын тұңғыш аттап отырған кішкентайлардың арасында ертеңгі ел ағалары, президент пен министрлер де бар шығар. Өзім 40 жыл мектепте ұстаздық еттім. Енді міне, немеремді алып келіп отырмын. Тағы да балалардың болашағын бірінші кезекке қоятын, олардан қамқорлығы мен қолдауын аямайтын КҚК-на алғысымды айтамын, – дейді Орынша апа.

Бұл күні дәл осындай базарлық Құрманғазы ауданының Жасталап ауылындағы мектептің бірінші сыныбына қабылданған балаларға да таратылды.

Дәулетқали АРУЕВ, Алма ТУРГАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз