Жарнама
Білім

Білім қаржысына қол сұғу – болашаққа қиянат

            Білім беру – ел болашағының кепілі. Мемлекет жыл сайын осы салаға миллиардтаған қаражат бөліп, мектептер мен балабақшалардың инфрақұрылымын жақсартуға, мұғалімдердің жалақысын көтеруге және оқушыларға сапалы білім беруге жағдай жасауға күш салып келеді. Алайда, өкінішке қарай, бұл қаржылар әрдайым мақсатты түрде пайдаланылып жатқан жоқ. Прокуратура органдары мен қаржылық бақылау құрылымдары жүргізген талдаулар мен жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер барысында кейбір жалпы білім беретін мектептерде қаржылық тәртіптің өрескел бұзылатындығы анықталуда.

            Атап айтқанда, бірқатар бухгалтерлер мен мектеп басшылары өз қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, бюджет қаражатын жымқыруға жол берген. Соңғы жылдары білім саласында орын алған қаржы бұзушылықтар, соның ішінде мектеп бухгалтерлерінің ақша жымқыру деректері жиілеп кетті. Мұндай қылмыстар түрлі әдістер арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, мектепке бөлінген қаржының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға немесе «өлі жандарға» – яғни мүлдем қызмет атқармайтын, шын мәнінде мектепте жұмыс істемейтін адамдарға жалақы ретінде жазылады. Қағаз жүзінде мұғалім немесе техникалық қызметкер ретінде тіркелгенімен, ол адам мектепте жұмыс істемейді, ал оның атына жазылған жалақыны бухгалтер немесе онымен байланысы бар тұлғалар иемденіп отырады.          Тағы бір кең таралған әдіс – тауар мен қызмет көрсетуге арналған жалған шот-фактуралар арқылы қаржы шығару немесе негізсіз жоғары жалақы есептеу арқылы артық төлем жүргізу. Бұл әрекеттер көп жағдайда бірнеше ай, тіпті жылдар бойы жалғасып, жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бухгалтерлер есеп жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігін пайдаланып, қаржыны өз пайдасына жаратады. Кейбір жағдайларда мектеп директорлары да бұл заңсыз әрекеттер туралы хабардар болып, қылмыстық схемаларға тікелей немесе жанама түрде қатысады.

            Білім саласында орын алған әрбір қаржы жымқыру дерегі – балалардың болашағына шабылған балта. Бұл тек қаржылық шығын ғана емес, сонымен қатар қоғам үшін зор моральдық зиян. Мұндай құқықбұзушылықтар мектептің, жалпы білім беру жүйесінің беделін түсіріп, оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіреді. Сондықтан әрбір мектеп қызметкері өз міндетіне адал қарап, қоғам мен заң алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі тиіс.

            Прокуратура органдарының деректеріне сәйкес, соңғы екі жыл ішінде білім беру мекемелеріне қатысты 17 қылмыстық іс тіркеліп, олардың барлығы сотқа жолданған. Бұл істер бойынша 30 тұлғаға қатысты сот үкімі шыққан. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабына сәйкес, осындай қылмыстар үшін 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы көзделген.

            Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ең алдымен, мектептерде ашықтық пен тиімді бақылауды күшейту қажет. Бұл тұрғыда ата-аналар комитеттері, жергілікті қоғамдастық және білім басқармалары тарапынан тұрақты қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, мектептерде ішкі бақылау жүйесін енгізу және тәуелсіз аудит жүргізу тәжірибесін жиі қолдану қажет. Электронды есеп жүйелерін жетілдіру маңызды. Сондай-ақ, мектеп директорлары өздеріне тиесілі электронды қолтаңбаларын есепшілерге сенімхатпен немесе ауызша тапсыру тәжірибесін доғарып, электрондық құжаттарға тек өздері ғана қол қою арқылы жеке жауапкершілік алуы қажет. Себебі бір адамның жауапкершілігі нақты бекітілген жағдайда ғана қаржы тәртібін қамтамасыз етуге болады. Біз қоғам болып бірлесіп әрекет еткенде ғана жемқорлықпен тиімді күресе аламыз.

            Қаржының мақсатты түрде бөлінбеуі мектеп инфрақұрылымының нашарлауына, мұғалімдердің мотивациясының төмендеуіне тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайларда оқушылар білім алу үшін тиісті жағдаймен қамтамасыз етілмей, бұл ақыр соңында білім сапасының төмендеуіне алып келеді.

            Егер сіз білім беру саласындағы қаржы бұзушылықтардың куәсі болсаңыз немесе бұл жөнінде нақты дәлелдеріңіз бар болса, құқық қорғау органдарына – атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік органдарына немесе прокуратураға хабарлап, мән-жайды нақтылай аласыз. Бұл – әр азаматтың құқықтық мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.

            Прокуратура тарапынан бұл саладағы бақылау әрі қарай да жалғасын табатын болады. Біз заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету арқылы білім сапасының артуына өз үлесімізді қоса бермекпіз.

Нұргүл МҰХАНИЯРОВА

Атырау облысы прокурорының көмекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button