Атырауда тамыз кеңесі басталды

89403f52 3f09 4850 8986 67dc98ae157b Білім

Биыл дәстүрлі тамыз мәслихаты «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында аталып, кешегі өткен секциялық отырысында білім беру саласындағы алдағы атқарылуы тиісті істер, оның ішінде оқушыға психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру, мектептегі тәрбие жұмысы және басқа да мәселелер төңірегінде жан-жақты айтылды.

Тамыз мәслихатының секциялық отырыстары өзге облыстардан  келген сарапшы мамандар мен ғылыми қызметкерлердің, облыстық білім беру басқармасының өкілдері, оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, білім беру мекемелерінің басшылары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтердің қатысуымен өтті. Іс-шараға қатысқан 500-ге жуық педагог белгіленген тақырыптарға байланысты «APEK Petro Technic» жоғары колледжі, №42 орта мектеп пен Абай атындағы оқушылар орталығына, «Білім-Инновация» мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты мен №41 мектеп-гимназиясына бөлінді. 

– Тамыз мәслихаты бұл – жаңа оқу жылы қарсаңындағы өткізілетін білім беру саласы қызметкерлерінің кеңесі. Биыл тұңғыш рет республикамыздың 20 өңірінде білім саласындағы өзекті 20 тақырып бойынша өтуде. Атырау қаласындағы мәслихат тақырыбы – «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің қауіпсіз білім беру ортасын құру жөніндегі өзекті міндеттер» деп аталып, балалардың саулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналып отыр. Тамыз мәслихаты барысында отбасындағы қарым-қатынас қалай болуы керек? Бала тәрбиесіндегі атқарылуға тиісті негізгі шаралар қандай деген сауалдар төңірегінде өзекті мәселелер және нендей шаралар қабылдайтынымыз жөнінде талқылаудамыз, – деді Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан. 

7d07e61c 9f0a 4a7a 826b bb3b984e5fa7

Қазіргідей технологияның дамыған және жаһандану заманында ұрпақты қауіп-қатерден қорғауда балаларға жан-жақты психологиялық қолдау көрсетілуі тиіс. Бүгінгі педагог-психолог маманның алдында қазіргі әлемдік қоғамдастықтағы күрделі проблемалар – балалар суицидтері, отбасылық қолайсыздықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желілердің теріс әсері, лудомания, интернетке тәуелділік, кибербуллинг және басқа да көптеген проблемалар тұр. Сондықтан, мыңдаған бала оқып жатқан білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметті дамыта түсу аса қажет. Ал, білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет беталды жүргізілмейді, оны жүзеге асырудың нормативтік-құқықтық құрылымы мен құқықтық принциптері бар. Бұл жөнінде тамыз мәслихатының секциялық отырысында Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларға құқықтық және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету  басқармасының бас сарапшысы Жібек Нұржан айтып берді.

– 2016 жылы психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін бекіту мәселесі өңірлерге берілген еді. Сол кездегі әр 16 облыс өзінің жеке психологиялық қызметінің жұмыс ережесін жасап, қызмет әртараптандырылып кетті. Соның салдарынан әр педагог-психолог өз проблемаларымен жеке қалды. Одан кейін 2021 жылы осы құзыреттілік министрлікке беріліп, 2022 жылы арнайы бұйрық қабылданды. Осыдан соң республикадағы барлық орта білім беру мекемелерінің психологиялық қызметі ортақ ережемен жұмыс жасауда.

Биылғы тамыз кеңесі әр өңірге жеке тақырып беріліп, екі күнге созылған жаңа форматта ұйымдастырылып отыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Е.АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз