«BINOM SCHOOL» : «Осында  оқығымыз  келеді!..»

bbea09e5 69f6 457d a9d7 ccd84f89611f Білім

Мұнайлы өлке биылғы оқу жылына жағымды жаңалықпен жетіп отыр. Еліміздегі ең үлкен мектептер желісінің қатарына енген екі заманауи «BINOM SCHOOL» білім беру ұйымы шәкірттеріне есігін айқара ашты. Осылайша, өңірдегі кейбір үш ауысымды «алтын ұяның» мәселесі шешілді. Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Серік Шәпкенов Д.Қонаев пен Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOOL» білім ордаларының дайындық барысымен танысқан еді. Содан кейін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылған болатын.

Заманауи білім ошағы

Бұрын тек шетел киноларынан ғана көретін мектептерде енді атыраулық оқушылар да білім нәрімен сусындайтын болады. «BI Group» құрылыс компаниясы мен Атырау облысы әкімдігі арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған оқу ордасының ғимараты алыстан-ақ көз тартады. Әлемнің озық елдеріндегі атақты білім ошақтарынан кем түспейтін нысанда алаңсыз оқу үшін барлық жағдай жасалған. Дәлізге кіреберістен-ақ мектептен жайлылық пен жылылықтың лебі есіп тұрғандай.

Пішіндер мен материалдармен шығармашылық тәжірибе жасау үшін мектептерде 3D-принтер, металл және ағаш ою шеберханалары, робототехника және «Steam» білім беру кабинеті, әр оқушыға арналған жеке локерлер бар. Ал, «көркем еңбек» сабағында қыз балалар ине ұстап, кесте төгіп үйрену үшін соңғы үлгідегі іс тігу машиналары да жеткілікті екен. Тәтті тағам пісіруге дағдылануға арналған ас үй бөлмесі бар. Егер оқушы ауырып қалып немесе белгілі себеппен сабаққа қатыса алмай қалған жағдайда оқу барысына онлайн қосылып, бәрін бақылауына да мүмкіндік жасалып отыр. Тіпті, ер балаларды отбасындағы тірлікке араластырып, еңбекке баулу мақсатында шеберхана қажетті құралдармен толықтай жабдықталған. Бәрінен бұрын, мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқу ортасы жасалғандығы қуантады.

Ғимараттар жеделсатымен және пандустармен жабдықталған, ал, үстелдер қажетті биіктік бойынша реттеледі. Рекреациялық демалыс аймағы еркін жағдайда жұмыс істеуге, оқуға және демалуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әр қабатта оқыс жағдайларда қызметкерлерді шақыру батырмасы бар. Байқағанымыздай, BINOM мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударылады. Әр мектепте кіші және жоғары сыныптар үшін бөлек биометриялық турникеттерден кіруді басқару жүйесі бар. Сол себепті бөгде жандар мектеп аумағына кіре алмайды.

98e95035 db06 498c 909a 3b5bed3c5772

Ұстаз – мектептің жүрегі

– Мұғалім – мектептің жүрегі. Қазақстанның қандай қоғам боларын сіздердің істеген еңбектеріңізге қарап айта аламыз. Шәкірттеріңіз бәсекеге қабілетті болса – сіздің еңбектеріңіз. Сонымен қатар, ұжымда ұстаздық қызметте алғаш еңбек жолын бастап жатқан жас мамандар да бар екен. Алдағы қызметтеріңізге абырой тілеймін! Әрқашан шәкірттеріңіз мақтанышыңызға айналып, атыңызды оздырсын! Осы мектеп ашылғалы мұнда білім алуға ниеттенгендер қатары көбейді. Білім сапасын көтеру, балаларға толыққанды жағдай жасау үшін тағы да екі  «BINOM SCHOOL» мектебін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл мектепте барлық мүмкіндік бар. Соған сай мектеп те үздіктердің бірі болуы қажет. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шәкірт тәрбиеленіп, Атыраудың атын халықаралық, республикалық деңгейге танытарыңызға сенемін! – деді Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ, өңір басшысы мектеп жұмысымен таныса келе, тілек кітапшасына жазба қалдырды. 

«Сіздерді заманауи білім ордасының ашылуымен құттықтаймын. Игі істеріңізге табыс пен абыройлы қызмет тілеймін. Binom мектебінен елімізге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері шығарына сенімдімін.  «Бала – бауыр етің» демекші, мұнда тәрбиеленуші әр  шәкірттің болашағы жарқын болсын! Сәттілік!» – делінген жазбада. 

Халықаралық жүйенің озық тәжірибесі

Мектептер озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, отандық білім беру моделіне негізделген. «BINOM» мектептері Финляндия, АҚШ, Сингапур және басқа елдердің үздік сарапшыларының қатысуымен тренингтерді жиі өткізуге мүдделі. Ал, ұстаздарды іріктеу «Jumys Smart Nation» ірі интернет-платформасында өткен. Соның нәтижесінде екі кезеңдік конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша атыраулық «BINOM» мектептеріне еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық педагог шақырылыпты.

Атап өтер жайт, биыл «BINOM SCHOOL» Еуропадағы мектеп директорларының жетекші желісі – ESHA құрамына еніпті. Сондай-ақ, «B-MOTIVATED» бағдарламасы аясында оқушылардың BI, Digital Nomads топ-менеджерлерінен, ғылым, өнер қайраткерлерінен және басқа да танымал, жетістікке жеткен адамдардан мотивациялық дәрістер тыңдауға мүмкіндігі болады. Биыл оқушыларға жаңа оқу жылына бейімделуге және білім алуды жеңілдетуге көмектесетін «ORIENTATION SESSION» жазғы білім беру бағдарламасы іске қосылған.

Жайлылық – басты орында

Балалардың жайлылығы мен ыңғайлығы үшін мектептің әр қабатында ауыз су бұрқақшалары орнатылыпты. Оқушылар мен ұстаздарға жайлы оқу және демалыс ортасы ретінде натуралистік аймақтар мен жүгіру алаңдары бар футбол және баскетбол, «work-out», ойын және спорттық кәсіби алаңдар, бастауыш сынып балаларына арналған ойын кешендері бар екен.

Ең бастысы, мұнда оқушылар тегін оқиды. Әр мектепте 4000 білім алушы (бір сыныпта – 25 бала) қазақ және орыс тілдерінде оқытатын сыныптарда білім алады. Ал, Астанадағы алғашқы BINOM мектебі 2021 жылы ашылған болатын. Қазіргі уақытта елордада 6 мектеп жұмыс істейді, онда 24 мың бала оқиды. Атырау қаласындағы екі мектепті қосқанда жалпы саны 32 мың оқушы қамтылып отыр.

 – «BINOM»-да балалар өз бетінше таңдау жасауды, белсенді болуды және өз мүмкіндіктеріне сенуді үйренеді. Көру арқылы есте сақтау қабілетін дамыту үшін мектеп дәліздерінде белгілі ойшыл, ұлы тұлғалардың қанатты сөздері жазылған. Ал, әр сыныптың есігін ашқан кезде пішіндердің градусы жазылған. Айталық, ол жартылай ашылған кезде 90 градус болатынын балалар көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы жадында сақтайды. Оқушылардың оқу-құралдарын сақтайтын жәшікте QR –кодпен көрсетілген сурет туралы толық мәліметті бірден ала алады. Ең алдымен, біздің мақсатымыз – шәкірттерге сапалы білім беріп қоймай, оларды өмірге дағдыландыру, еңбекке үйрету. Қазірден бастап біз ата-аналарға оқушыларды оқитын орнын таза ұстауға баулитынымызды айтып, ескерттік. Қорында он мыңнан астам «рухани азық» бар кітапхана сөрелеріне балаларға қызықты Гарри Потер секілді таңдаулы, үздік шығармаларды қойдық, – дейді бізбен әңгімесінде Д.Қонаев атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейінің директоры Ләззат Дүйсенбаева.

Ел болашағы – білімді ұрпақ

Биылғы оқу жылында балаларының осындай заманауи мектепке баратынына ата-аналар да қуанып жүр. «Шыны керек, біз мұндай оқу орнын тек «көгілдір экран» бетінен ғана көретінбіз. Жасыратыны жоқ, бұл мектептің ішін аралағаннан кейін өзіміздің де білім алуға ынтамыз ашылып отыр.

Әрине, құрылыс жұмыстары, мектепке қабылдау кезінде түрлі әңгімелер айтылған еді. Жалпы, қандай бір нысан ашылған кезде дүрбелең болатыны белгілі ғой. Қазір сол қыруар істің нәтижесін көре бастадық. Бұрын үш ауысымдық мектепте сыныптардың жетіспеушілігінен балаларымыз физика, химия пәндерінен колба, пробирка дегендерді көрмеген еді. Сондықтан, оқушылардың осы сабақтарға ынтасы аз екенін байқайтынмын. Енді олардың білімге құлшынысы артады деп сенемін. Біздің болашағымыз – білімді ұрпақ. Сол себепті, осы салаға инвестицияны аямау керек. Қаламыздағы барлық мектеп осындай болса, өңірдегі білім сапасы да артар еді деп ойлаймын. Барлығына сәттілік тілеймін. Үйіміздің қасынан осындай білім ордасы ашылғанына қуаныштымыз, – дейді қала тұрғыны Нұргүл Мұқанғалиева.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз