«БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ»: Атыраудың бас мұғалімі бар шындықты айтып берді

img 20210302 wa0045 Жаңалықтар

Пандемия орын алғалы қоғамда біраз жайттардың өзгергені рас. Бұл кезең бізге әр нәрсенің маңыздылығын терең ұқтырды. Әсіресе, жер жаһанды жайлаған қауіпті індет білім беру саласында жаңаша көзқарастың қажеттігін талап етті. Талап үдесінен шығып, сыннан сүрінбей өту сала басшысына біраз міндет жүктейді.

Осы кезеңде іс басындағыларға қандай қасиет қажет? Бұған дейінгі жиған тәжірибелердің маңызы неде? Оқыған, түйгендерді көппен бөлісудің мәні қандай? Осы және өзге де сауалдар аясында еркін сұхбат алаңында облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевпен пікірлестік.

Жаңашыл тәртіпке дайын болмадық

– Сатқан Ыбырайұлы, қазір әлем қауіпті індетке қарсы күресіп жатыр. Сіз былтыр осындай сын-сағатта облыстың білім беру саласын басқаруға тағайындалдыңыз. Қазір саладағы қиындықтарды қалай еңсеріп жатырсыз?

– Өзгеше жағдайда әлемдегі барлық мемлекет мектептерді онлайн оқытуға ауыстырды. Меніңше, төтенше жағдай жарияланған 193 мемлекеттің бірде-бірі осынау жаңашыл тәртіпке дайын болған жоқ. Біз де бастапқыда солардың қатарында болдық. Мәселен, біздің елде ата-аналар мектепте оқитын балаларына жеке бөлмені кабинет ретінде жасақтап, оларды қажетті техникалық құралдармен, интернетпен қамтуға мәжбүр болды. Бұл кезең әсіресе, көп балалы отбасылар үшін біраз қиындық туғызды. Сонда да оларға бұл жүйеге ілесуге тура келді. Яғни, ата-аналарға қойылған бұл талаптардан бөлек, мұғалімдермен қатар, оқушыларға да цифрлық сауаттылық басты міндетке айналды. Бұл – былтыр көктемдегі ахуал. Ал, жаңа оқу жылында Үкімет тарапынан қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, қыркүйекте барлығы дерлік жаңа жүйеге сіңісіп кетті. Қазір колледж, мектептерді біртіндеп офлайн режимге көшіріп жатырмыз.

– Пандемиядан қандай сабақ алдыңыз?

– Пандемия бізге кез-келген тосын құбылысқа дайын болуды және тазалықты мейлінше арттырып, саулықты күтуді үйретті ғой.

Бейнелеу – негізгі хоббиім

– «Жақсы адам – ел-жұртының панасындай» дейді. Сіз өмірде қандай адамсыз?

– Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, «бетегеден биік, жусаннан аласа» адаммын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Жастарға қандай кітаптар, газет-журналдар оқуға кеңес бересіз?

– Менің негізгі хоббиім – бейнелеу. Бос уақытымда сурет салып, сызып, бояумен айналысамын. Ал, жастарға тарихи кітаптар оқуға кеңес беремін. Өйткені, әр адам өз елінің, жерінің тарихын қашан да жетік білуі тиіс.

– Қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекеттік қызметтегі ауқатты адамдарды тексеру үшін «заңсыз баю» институтын енгізу ұсынылды. Бұл ұсынысқа Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Қазіргі қоғамға «жемқорлық жайлаған заман» деген баға беріліп жүр. Шынында да, солай болып барады. Енді мұның бәрі адамның санасына байланысты ғой. Рас, заңсыз жолмен байлық қуып кеткендер бар. Оларды тексеріп, мәселенің алдын алу үшін мұндай институтты енгізу қажет те шығар…

– Сіздің жеке көлігіңіз, зәулім үйіңіз бар ма? Жұмыс орныңызға немен қатынайсыз?

– Көп қабатты пәтерлердің бірінде тұрамын. Жеке көлігім жоқ. Ал, жұмыс орныма қызметтік көлікпен қатынаймын.

– Бүгінде жан басына шаққанда әрбір оқушыға бюджеттен қаражат бөлінеді. Мемлекетте қаржыны оқушы санына қарай бөлу жемқорлықты жоюға қаншалықты әсер етеді?

– Былтыр қыркүйектен бастап қала мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыру әдісіне көшті. Бір оқушыға бір жылға кететін шығын орта есеппен 290 000 теңге. Яғни, оқушы санына байланысты нақты қаржы жұмсалады. Оқушы саны қаншалықты көп болса, мектептің қаражаты да соншалықты арта түседі.

Робот ой еңбегін алмастырмайды

– Адамның тұлғалық қасиеті мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қалыптасатынын ескерсек, бұл мекемелерде ең білікті мамандар қызмет етуі тиіс. Ал, бізде оқу орнын енді ғана бітірген жастар жұмыс жасайды және осы салада кадр тапшылығы мәселесі әлі де шешілген жоқ…

– Иә, дұрыс айтасыз. Пандемия көрсеткен тағы бір өткір проблема – кадр мәселесі. Кенеттен әлемнің барлық мұғалімдері жаңаша дағдылар мен талаптарды, цифрлық сауаттылықты меңгеруге міндетті болды. Ойлап қарасаңыз, пандемиядан жарты жыл бұрын ғана педагогтардың бұл талаптарды меңгеруі үш ұйықтаса түске кірмейтін еді. Енді мұғалімдерді бір сәтте ғана қашықтан оқыту форматына ауыстыра салдық. Оқу процесін ұйымдастырудан бөлек, қазір оларға қойылатын талаптар өзгерді және ол бұрынғыдан арта түсті. Осындай жаңа жүйелерге тез бейімделу үшін жас мамандар көбірек тартылуы керек деп ойлаймын. Маманның біліктілігі оның жас ерекшелігімен ескерілмейді. Жастардың арасында да білімді, білікті жастар көп.

– Заман талабына сай еңбек нарығында кейбір мамандықтар қажетсіз болып қалуы мүмкін. Сондай шақта проблеманы шешудің тиімді тәсілі ретінде сіздің ұсынысыңыз қандай?

– Қазір әлем тез дамып келеді. Күнненкүнге жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Адамды алмастыратын роботтар жасақталып, шығарылып жатыр. Бірақ, олар адамның қол еңбегін алмастырғанымен, ой еңбегін алмастыра алмайтыны сөзсіз. Сондықтан, әр нәрсе өз уақытымен жүреді. Ал, жаңа заманның талабына сай маман атану – табысқа жеткізетін жол. Мұндайда проблеманы шешудің бірден-бір жолы оқу мен әрекет екенін ұмытпаған ләзім. – Бүкпесіз әңгімеңіз үшін бек рахмет!

img 20210302 wa0046

Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз