АҚҚАНАТ АРМАН АРҚАЛАП
— Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Мен сендерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын»,-деген еді. Ел ертеңі білімді ұрпақ қолында. Мемлекет өз тарапынан жастарға сапалы білім алуға, қажет мамандықты игеруге, арман-мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасап келеді. Қай кезде де талмай ізденіп, еліміздің білімді, өнегелі азаматтары болуларыңды тілеймін, — деді лицей директоры Фаруза Шангереева салтанатты шарада. Биыл бұл оқу орны білім сапасын 89 пайыз көрсеткішпен аяқтады. Бір жыл ішінде лицей оқушылары түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде жүлдегерлер сапынан көрінді. «Облыстық пәндік олимпиадаға қатысқан 86 оқушының 43-і жүлделі орындар иеленді, жеті оқушы республикалық олимпиадаға қатысты.
Биылғы түлектердің арасында 11 оқушы «Алтын белгіге», 7 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Мектеп түлектері мен ұстаздарды, ата-аналарды осы атаулы күнмен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтап, тілегін арнады. Түлектер әні, ұстаздарына алғыстары, мектеп вальсі де көңіл толқытарлық әсерде өтті. Түрлі байқаулардан жүлдегер атанған талантты оқушылар «Жұлдыздар шеруіне» қатысты. Алда – білімді сынаққа салар Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Ақ қанат үмітпен келешекке көз тіккен түлектерге сәт-сапар дейміз!
Бақытгүл БАБАШ.