«Jaspace» – жастарға арналған жарқын ЖОБА! (+ФОТО)

img 20210703 wa0028 Жаңалықтар

Ұлыбритания елшілігінің жанында Британдық Кеңес (British Council) жұмыс жасайды. Осы орайда, біз аталған кеңестің қызметкері Тұрсынай Қайырғалиевадан Атырау қаласындағы «Jaspace» жобасы жөнінде сұрастырған едік…

– Алдымен, «Jaspace» кеңістігі жөнінде айтып өтсеңіз.

– Біз Атырау қаласындағы British Council ұйымының «Jaspace» жобасы бойынша жұмыс жасаймыз. British Council – халықаралық мәдени және білім беру мүмкіндіктеріне мамандандырылған ұйым. Ол жүзден астам елде жұмыс істейді. Атап айтқанда, Ұлыбритания мен ағылшын тілін кеңінен білуге ықпал етуде. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиямен дипломатиялық қарым-қатынасын арттыруға да септігі өте мол.

Егер нақтырақ айтатын болсақ, «Jaspace» кеңістігі «Шеврон» компаниясының «Атырау жастарын дамыту бастамасы» (AYDI) жобасының бір бөлігі болып табылады.

– Бастама негізінен Атырауды ашық, инклюзивті және теңқұқылы қала ретінде дамытуға бағытталған. Өйткені, «мұнайлы астанада» экономикалық тұрғыдан өнімді және әлеуметтік белсенді жастар тұрады. Жобаны British Council, Impact Hub Almaty және Urban Forum Kazakhstan құрамындағы коалиция Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп жүргізіп жатыр.

img 20210703 143204
img 20210703 wa0024

– Жоба бойынша қандай қызметтер көрсетіледі?

– «Jaspace» кеңістігі Атырау қаласындағы Оқушылар мен студенттер сарайында (Әбілқайыр хан 54а, Абай орталығы) орналасқан. Кеңістік STEM, амфитеатр, лаунж аймағынан, компьютерлік және медиа-зертханадан тұрады. Сондай-ақ, мұнда ағаш пен лазерлік өңдеу бойынша фрезерлік станок орналасқан шеберхана да бар.

Біздің кеңістігіміз 2020 жылдың қыркүйек айында онлайн түрде ашылды. «Jaspace STEM» жобасы Атырау жастары арасында STEM мен ІТ саласын дамытуға бағытталған. Себебі, өңірде ІТ-технология бағыты кенжелеу қалып қойған. Ұйымдастырушы British Council Атырау жастарының бастамасын дамыту аясында жұмыс жасайды. 

Енді «Jaspace» сөзінің өзіне тоқталатын болсам, қазақша «жас» және space – «кеңістік», яғни, «жастар кеңістігі» деген мағынаны алған. Жалпы, лабораторияның бағыты көп. Дегенмен, қазір карантинге байланысты онлайн өткізуге келетін курстар ғана жүріп жатыр. Олардың қатарында диджитал маркетинг, видеография, 3D-модельдеу, кодтау, инженерия негіздері, қолданбалы математика курстары бар. Сол сияқты, бағдарламалауға қатысты «Код сағаты» сияқты түрлі воркшоптар, олимпиадалар, тренингтер және басқа да шараларды өткіземіз.

img 20210703 143216
img 20210703 wa0030

– Кеңістікте қанша маман бар және әрқайсысы нақты қандай қызмет атқарады?

– «Jaspace» жобасында British Council-дің үш қызметкері жұмыс істейді. Олар – жобаның менеджері, үйлестірушісі және ассистенті; цифрлық маркетинг пен графикалық дизайн, видеография, 3Д-модельдеу мен бағдарламалау, инженерлік және қолданбалы математика курстарын тікелей жүргізетін жаттықтырушылар. Қай-қайсысы да өз ісінің білгірі. Курсты жүргізетін тренерлер – біздің басты байлығымыз десе де болады. Олардың бәрі де – өте білімді, таңғаларлық шеберлікке ие азаматтар. Тренерлер арасында Назарбаев университетінің және Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлектері де бар.

img 20210703 wa0027
img 20210703 wa0038

– Тегін курстар қалай қаржыландырылады?

– Жобаға бастан-аяқ Chevron компаниясы қаржы құйған болатын. Сол себепті, үйренемін деуші жандарға барлығы тегін әрі қолжетімді. Мұндай мол мүмкіндікті жіберіп алмаған жөн.

img 20210703 wa0039
img 20210703 wa0042

– Оған кімдер және қалай қатыса алады?

– Біздің курстарымызға, воркшоптарымызға, іс-шараларымызға әлеуметтік желілердегі @aydi.kz парақшасы арқылы жазылуға болады. Жобамызға байланысты барлық ақпараттарымызды сонда жариялаймыз. Ал, жалпы, Атырау облысынан 12-35 жас аралығындағы кез-келген адам курсқа жазыла алады. 

Біздің курстарымызды үйренгісі келген адам сала бойынша ешқандай тәжірибесі болмаса да, барлығын 0-ден бастап меңгеруге мүмкіндігі бар. Бастысы – интернет пен компьютері қолжетімді болса жеткілікті. Біздің онлайн курстар алдын ала жазылған видео емес және 30-40 адамға бір сәтте өте салмайды. Сабақ ең көп дегенде 10 адамға есептелген және тікелей эфирде Microsoft Teams бағдарламасы арқылы жүргізіледі.

Әр курсқа шамамен 20-30 адам қабылдаймыз. Бұған дейін төрт лек бойынша курс аяқтадық. Әр лекте жүзден аса оқушыны оқыттық. Жалпы, курстан 500-ден аса қатысушы өтті. Одан бөлек, түрлі онлайн шараларды да өткіздік. Мәселен, төрт рет өткен Family workshop-ты мысал ретінде айтуға болады. Бұл – ата-аналар мен балаларға арналған шара. Тақырыпқа байланысты отбасылар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады. Айталық, бірінші Family workshop-та атыраулық отбасылармен бірге батпырауықтар жасадық. Алдымен шараға қатысқысы келетін отбасылардың өтінішін жинадық. Содан кейін олардың үйіне қажетті құрал-жабдықтарды жеткіздік. Бұл жасы кіші балалардың өз қолымен іс жасауға деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

img 20210703 wa0033

– «STEM» курстарының қатысушылары не үйреніп шығады?

– Ғылым, математика, технологиялар және инженерия сияқты басты академиялық салаларды STEM (science, technology, engineering and mathematics) деген бір сөзбен біріктіріп атауға болады. STEM дегеніміз – оқытудың біріктірілген тәсілі. Ол оқушылардың ХХІ ғасырда табысқа жету мен бәсекеге қабілеттіліктің негізгі дағдыларын дамытуға бағытталған. Бұл оқушының сыни тұрғыдан ойлау, ғылыми-техникалық білімді күнделікті өмірде пайдалану, белсенді қарым-қатынас құру және командамен жұмыс жасау, техникалық пәндерге қызығушылықты арттыру, жобаларға креативті және жаңашыл көзқарас, оқу мен карьераның ұштасуына мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз