Атыраулық спортшы әлем чемпионатына қатыспақ! (+ФОТО)
25 жастағы атыраулық Әлішер Ақжігітов – джиу-джитсу спортынан қазақстандық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
Былтыр Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Бүгінде ол – «Атырауинжстрой» мекемесіне қарасты «Механизация және транспорт басқармасы» филиалының белді де беделді қызметкері. IT маманы ретінде арнайы техникалардағы GPS құрылғыларын қадағалап отырады.
«Әлішер біздің компанияға былтыр IT маманы болып орналасты. Кейін оның Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болғанын естіп, моральдық және материалдық көмек көрсетіп отырамыз. Барлық ойындарына ұжым түгелдей жанкүйер боламыз. Әлішер сияқты жігіттердің арамызда жүргені біз үшін зор мақтаныш. Өйткені, ол елімізді бүкіл әлемге паш етіп жүр» дейді жоғарыда аталған филиал басшылығы.
Мәлік Сүлейменов атындағы спорт залында шеберлігін шыңдайтын Әлішер өзінен кейінгілерге білгенін үйретуден тынбайды. Азия чемпионаттарында былтыр күміс, биыл қола медальге ие болған ол елге бос қоржынмен қайтпайды. Отбасындағы жұбайы мен қызынан жырақ жүрсе де, жеңіске деген жігермен өзін шыңдап отырады.
Әлішердің айтуынша, жеңіс тек тәртіпке бағынған, талпынысы зор спортшыға ғана бұйырады.
«Мақсат біреу, ол – әлем шыңын бағындыру. Қалайда алтын алу керек. Өзге елде көк Туымызды желбіретудің өзі үлкен абырой. Алда тәжірибе жинақтау үшін Ресей мен Франция елдеріне баруды жоспарлап отырмыз. Өзім еңбек ететін «Атырауинжстрой» мекемесіне алғысым шексіз» дейді спортшы.
Айта кетейік, Әлішер биыл қазан айында Абу Дабиде өтетін әлем чемпионатында орта салмақ, яғни, 77 кг дәрежесінде бақ сынамақ. Әлем чемпионатының үздік ондығына енген спортшы бұл жолы алтын алуға бар күшін салады. Ендеше, өз кезегімізде біз де жерлесімізге тек Жеңіс туын желбіретуді тілейміз!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ