Жылыой ауданында Steam зертханасы ашылды
Құлсары қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп базасында тұңғыш рет Steam зертханасының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Д.Аронов құттықтау сөз сөйлеп, зертхананың лентасын қиды.
Іс-шарада зертханаға экскурсия жасалып, ғылыми-инженерлік жабдық жеткізу саласындағы көшбасшы компанияның өкілдері және мұғалімдер мен оқушылар қатысушыларға химиялық эксперимент түрлерін көрсетті. Сондай-ақ, аудан оқушылары мен арнайы ұйым бірлесіп жасаған əуе зымырандары ұшырылды.
Зертхана «Zhylyoy STEAM Mekeni» жобасы аясында Теңізшевройл компаниясының қаржылай қолдауымен ашылып отыр. Зертхана аумағы 100 шаршы метрді құрайды және профильдік бағыттары бойынша үш аймаққа бөлінген. Олар: химия-биология, физика-математика бағыттары бойынша кешендер және FIRST атты əлемдегі ең ауқымды ғылыми-инженериялық қозғалысының халықаралық стандарттарына сай бөлек инженерия аймағы.
Steam зертханасы мектеп аясында оқушылар үшін тек тəжірбиелер мен мектеп бағдардамасы бойынша сабақ өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар заманауи жобаларды іске асыруға, топтық жұмыс пен креативтілікті, ғылыми жəне инженериялық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ғылыми кеңістік.
Айта кетейік, бұл — аудандағы алғашқы Steam зертханасы. Бұған дейін аудан оқушыларына арналған арнайы технопарк және жас техниктер станциясы ашылған болатын. Онда 1500-ге жуық оқушы білім алуда.