ЖАҢА АВТОКӨЛІК САЛОНЫ

кәсіпкер қаражатына салынды

Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырауда тағы бір әсем ғимарат бой көтеріп, тұсауы кесілді. Ол – Гагарин көшесі бойынан салынған «Атырауавтоцентр» ЖШС-не қарасты автокөлік салоны.

Осы салада ширек ғасырдай басшылық қызметте болған Есен Қошқаров заманауи үлгідегі автокөлік орталығын ашу арқылы халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтуді көптен көксеп жүрген болатын. Осы мақсатпен  жер телімінің тиісті құжаттарын заңдастырып, болашақ ойын жүзеге асыру қамына кірісті. Жаңа автосалон құрылысын салуға достары, жора-жолдастары көмектесті. 2012 жылдың сәуірінде  ғимараттың құрылысын шаруашылық тәсілмен бастады.

Тура мерекедегідей әсем безендірілген автосалонның тұсаукесер рәсіміне келген қонақтар – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары К.Қосыбаев, белгілі ғалым Е.Сақпанов, еңбек ардагері С.Сағынғалиев, «Ерли» ЖШС директоры В.Ни және басқалар құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Кәсіпкердің жеке қаражатына салынған нысан металл құрылғылардан тұрғызылған. Мұнда Ресей зауыттарынан шығарылатын «Лада Калина», «Rіо», «Лада Ларгус», «УАЗ Патриот» сынды автокөліктер сатылатын болады. Бұлардың бағалары 2,8-4,8 млн. теңге аралығында екен. Нысанда жаңадан жиырма жұмыс орны ашылды. Олар өз тұтынушыларына сапалы, әрі мәдениетті қызмет көрсетуді басты міндеттері санайды. Темір тұлпарды тізгіндеуге ниетті жандардың несиесі осы жерде бір күнде рәсімделеді.

 Бақытжан ЖҰМАТ.

 Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз