Жыл басынан бері Атырау облысы ауылдарында 28 бизнес-жоба іске қосылды
Атырау облысында 400-ден астам ауыл тұрғыны ауылда бизнес ашу мен жүргізу бойынша консультациялар алды, деп хабарлады кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының баспасөз қызметі.
«Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен шалғай ауыл округтеріндегі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету шараларын түсіндіру бойынша жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, ауыл шаруашылығы басқармасының, «КазАгроФинаснс» АО, «Даму» КДҚ, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлы-несиелік корпорация» АҚ өкілдері енді. Мамандар 19 ауыл округтерінде болып, бизнеспен айналысатын немесе айналысқысы келетін 416 жергілікті тұрғынмен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аграрлық саланы дамыту мәселелеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге негізгі басымдық берілді. Ауыл тұрғындарына бизнес-жобаларды жүзеге асыруға грант, субсидиялар және гарантиялар алу шарттары жан-жақты түсіндірілді», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша Атырау облысы ауылдарында 28 бизнес-жоба іске қосылды. Оларды жүзеге асыруға 150 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде 80 жұмыс орны пайда болған.
ҚазАқпарат.