Жаңалықтар

Атырауда «Альфия өнерлі достарын шақырады» атты ерекше балалар концерті өтті

Atr.kz/6 желтоқсан, 2019 жыл.  Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Альфия өнерлі достарын шақырады» атты мерекелік іс-шара өтті.

Облыстық білім беру басқармасының қолдауымен арнайы мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен өткен шара көпшілікті талантымен тәнті еткен ерекше жас дарын иесі Альфия Тілекқабылдың өнерін шыңдауға арналды.

Альфия Әділқызы – облыстық арнайы мектеп-интернаттың сегізінші сынып оқушысы. Ата-анасының айтуынша, ол үш жасынан бастап көру қабілетінен айырылған. «Оның болашағына алаңдап қызымыздың көзін емдету үшін талай мемлекетті шарладық. Көзіне бірнеше рет ота жасалғанымен, өкінішке орай жанары ашылмады. Біз бұдан кейін оның өмірге деген құлшынысын арттыруға бел будық. Ерте жастан ән айту үйірмесіне бердік. Содан бастап Альфияның өнерге деген таланты ашылды. Өсе келе оның дауыс ырғағының ерекше екенін байқаған ұстаздары да Альфияны алға сүйреді. Ол бүгінде ән айтумен қатар, фортепианода ойнап, домбыра да тартады. Қазақтың қыл қобызын да үйреніп жүр» дейді оның ата-анасы Әділ Бимағамбетов пен Жанаргүл Нығметова.

Жас талант жуырда «Бала дауысы – 2019» Ұлттық балалар ән байқауының республикалық кезеңіне қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Оның болашағынан зор үміт күткен ұстаздары Альфияның өнерін одан әрі дамытып, бойындағы талпынысын арттыру мақсатында аталмыш іс-шараны ұйымдастыруды жөн көріпті. «Мектеп-интернатта негізінен 120 ерекше бала оқиды. Төрт жыл бұрын көзі нашар және мүлдем көрмейтін балалар үшін арнайы сынып ашылды. Оларды Брайль жүйесімен оқытып, қосымша үйірмелерге де баулимыз. Біз үшін биыл ерекше табысты жыл болды. Ән өнерінің құдіретін жүрегімен сезетін шәкіртіміздің республикалық конкурста топ жарып жатқаны – үлкен жетістік. Ол республикалық ән додасында  «Аққу арманы» атты жаңа авторлық әнді орындады. Ол бұған дейін халықаралық «Мелоди»,  республикалық «Жұлдыз-ай» ән байқауларына қатысып, жүлдеге ие болды. Ерекше қабілетті, барлық өнерді бойға жиған жан-жақты оқушы. Оның шахмат ойнауға да ынтасы өте жоғары. Қолөнер жұмыстарымен де айналысады. Біз оның болашақта үлкен өнер иесі болатынына сенеміз және оған жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз» деді облыстық мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Жұмағалиева.

Шара барысында Альфия мен оның достары өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, аталмыш білім ордасының түлектері де өз өнерлерін ұсынып, жас талантқа қолдау білдірді. Альфия да сахна төрінде әуелетіп ән салды. Ұстазы Сайрагүл Балтабекқызымен бірге «Сәуле ғұмыр» әнін шырқады. Бұдан басқа, іс-шараға келушілер филармонияның фойесінде ұйымдастырылған балалардың қолөнер туындыларының көрмесін тамашалады.

f0834e5d d885 4c11 86f6 285748ca59c9
2e6c9b6d ddfe 4a44 9d3d 9c29ef6da9de

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button