АТЫРАУДА АЛҒАШ РЕТ БАҚТАШЫСЫЗ МАЛ БАҒЫЛУДА

img 20220117 wa0050 Жаңалықтар

ОБЛЫСТА МАЛДЫ БАҚТАШЫСЫЗ БАҒУДЫ АЛҒАШ БОЛЫП ҚОЛҒА АЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ БАР. ОЛ – ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ АСАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ «ҚАРАША» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ.

Аудан орталығынан шалғайда қоныстанған шаруа қожалығы шетелдік технологияның көмегімен жаңа жобаны жүзеге асыра бастаған. Нақтысын айтқанда, сым араласқан жіптің көмегімен атакəсіп – мал шаруашылығын дөңгеленткен шаруагерлер бүгінде осы заманның озық əдістерін ұтымды пайдаланып отыр. «Қараша» шаруа қожалығының жетекшісі Мəнсия Əбілхайырова «ауыл шаруашылығын цифрландыруға көшіретін кез келді» деген пікірде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Аграрлық саланы дамытпай, бəсекеге қабілетті ел бола алмаймыз» деген болатын. Ал, кешегі Парламент Мəжілісінде сөйлеген сөзінде «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек» деп оған айрықша маңыз берді. Ендеше, бір мезет қырдағы қызу тірліктің иесі атанып, көпшіліктің қызығушылығын туғызған тың бастаманың артықшылығына назар аударып көрелік.

– Біздің шаруашылықтың құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Басты мақсатымыз – атакəсіпті заман талабына сай дамыту. Қазір шаруашылықта 400 бастан астам мүйізді ірі қара малы бағылады. Ауданның, соның ішінде өзіміз қоныстанып отырған Үштаған өңірінің жері шұрайлы, шөбі құнарлы. Шаруамызды ойдағыдай өркендетуге қолайлы. Осыны тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын табиғи таза өнімдермен қамтамасыз етуді мақсат еттік. Мұнда ерекше тəсіл – цифрлы технологиялардың көмегі зор, – дейді қожалық жетекшісі Мəнсия Əбілхайырова.

Қазақтың бірнеше жүз ақ бас сиырын күтімге алған қожалықтағылар ауданы 12 шақырым жайылымдық жерді сым араласқан жіппен қоршап қойған. «Электронды бақташы» деп аталатын құрылғы күн көзінен қуат алады. Мың гектар аумақ жануарларға таршылық етпейді. Тоқ белгіленген арақашықтыққа дейін жеткізілген, толықтай қамту үшін 4 шағын электр станциясы қойылған. Германия елінен жеткізілген жаңа технология өңірімізде əзірге жалғыз.

Еліміз бойынша екі қалада ғана қолданылып отыр екен. Желі бойымен тартылған тоқ көзі бағымдағы мал басын аман сақтауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияның көмегімен жемтік іздеген қасқырға да, жеңіл жолмен пайда тауып, «жиендік» жасағысы келген ұры-қарыға да қарсы тұруға қауқарлы көрінеді. Мұны қожалықтың мүшесі Қайырболат Зейінов те қуаттайды. Сол себепті, жауапты адамға «Электронды бақташының» тұрақты жұмыс жасап, тұрып қалмауын бақылап, қадағаласа жетіп жатыр. Бұл қазіргідей цифрлы технологияның дамып, өркендеген заманында қолмен атқарылатын жұмыс көлемін əлдеқайда азайтуға мүмкіндік береді.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз