Жарнама
Жаңалықтар

Журналистің мерейін асырған сәт

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист, қарымды қаламгер, ақын, өлкетанушы, ұстаз, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, Каспий аймағы ғылым Академиясының академигі Төлеген Жаңабайұлы мерейлі де мәртебелі 80 жасқа толды.

Осыған орай «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында салтанатты шара өтті. Шараның шымылдығын ашқан Мәдениет қайраткері, кәсіпорын басшысының кеңесшісі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Исатай Балмағамбетов жиналғандарды сеңгірлі сексеннің төріне көтерілген мерейлі жас иесінің өмір және еңбек жолымен таныстырды. Журналистік қызметін Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газеті редакциясында әдеби қызметкерліктен бастаған оның қаламгерлік жолы облыстық «Атырау» газеті редакциясында, облыстық радио мен телевидениеде жауапты жұмыстармен жалғасты, кейіннен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұстаздыққа ұласты. Осылайша, журналистердің бірнеше буынына тәлімгерлік етіп, тәрбиелеп шығарды. Журналистика саласында қызмет атқарған жылдары шығармашылық шыңына шығып, шеберлігін танытқан Төлеген Жаңабайұлының қаламынан туған туындылар «Іңкәр сезім», «Сырбаз сырлар», «Есте ғой, сұрапыл соғыс», «Қыран қияға қонады», «Қайсар Халел», т.б. атаулармен кітап болып басылып шықты.

Мерейгерді алғашқы болып құттықтаған «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Нұрболат Елеусінов адымен оған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Халқымыздың дәстүрімен иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды. Одан соң автордың «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан жарық көрген жаңа кітабы сыйға тартылды.

Келесі кезекте кеш иесін мерейлі жасымен облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев пен Надежда Тулина, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы әріптестері құттықтап, жылы лебіз бен ізгі ниетке толы игі тілектерін жолдады.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button