Жарнама
Жаңалықтар

Журналистика абызының “Бес томдық шығармалар жинағының» тұсауы кесілді

Атырау қаласындағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында көрнекті ақын, Атырау журналистикасының абызы, “Қазақстанның Құрметті журналисі”, “Құрмет” орденінің иегері Төлеген Жаңабайұлының 80 жасқа толуына орай оның «Бес томдық шығармалар жинағының» тұсаукесері өтті. Бұл іс-шара ақынның сан қырлы шығармашылық өмірі мен Қазақстан журналистикасы мен әдебиетіне қосқан ерекше үлесін атап өтуге арналды.

img 0896
Screenshot

Жиынның ашылуында Төлеген Жаңабайұлының қазақ журналистикасы мен әдебиетіндегі орны және оның қаламынан шыққан зерттеу еңбектері мен өлеңдерінің терең мағынасы айрықша атап өтіліп, қонақтар ақынның әдеби әлеміне бойлады. Бүгінде журналистиканың абыз ардагері атанған Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жаңабайұлының шығармалары көптеген оқырманға рухани азық болып келеді.

img 0894
Screenshot

Тұсаукесер рәсімінде Қазақстанның журналистика саласына қосқан үлесін және зерттеу еңбектерінің маңыздылығын атап өту үшін арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйледі. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің Бас директоры Нұрболат Елеусінов, Махамбет сыйлығының иегері, ақын әрі аудармашы Әлия Дәулетбаева және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, ардагер журналист Төлеген Берішбай болды. Қонақтар Төлеген Жаңабайұлының әдеби және журналистік мұрасының байлығы мен оның жастарды тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті.

Әсіресе, Төлеген Жаңабайұлының немерелері Кәусар, Кәмила және Әлидің атасының өлеңдерін тебіреніспен оқуы кештің ерекше сәті болды. Бұл сәт ақынның отбасылық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің бір көрінісі еді.

img 0897
Screenshot

Төлеген Жаңабайұлының қаламынан туған еңбектер тек көркем әдебиетке ғана емес, сонымен қатар тарихи зерттеулер мен деректі жазбаларға бай. Оның «Іңкәр сезім», «Сырбаз сырлар», «Малды ауылдың өрендері», «Жайық Беріштің Тумаш тармағы» сынды еңбектері әдебиет сүйер қауым үшін маңызды болып саналады. Сонымен қатар, ол көптеген тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы жазған, деректі телефильмдер мен телеочерктердің сценарийлерін құрастырушы ретінде де танымал. Төлеген Жаңабайұлы қазақ халқының мәдени және рухани мұрасын зерттеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек еткен тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ал ақынның «Бес томдық шығармалар жинағы» осы еңбектерінің тағы бір үлгісі болып, оқырмандарға оның бай әдеби мұрасын толық көлемде таныстырады. Бұл жинаққа оның өміріндегі маңызды оқиғалар мен туындылар енген, соның ішінде ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарындағы оқиғаларды сипаттайтын «Жауға түскен жасын» хикаяты мен ауыл өмірі, әйел-аналар тағдыры жайлы көркем әңгімелер топтастырылған.

Жиынның соңында кітапхана басшысының орынбасары Мейрамгүл Лесқызы сөз сөйлеп, бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жиында Төлеген Жаңабайұлының жинағын баспадан шығаруға демеушілік көрсеткен атыраулық кәсіпкерлер – Құрманбек Аманғалиұлы мен Мұрат Сармановқа ерекше алғыс айтылды. Биыл мерейлі сексен жасқа толған автор өз өлеңдерін де оқып, рухани кештің көркін қыздырды.

Бұл кеш ақынның шығармашылық мұрасын құрметтеу мен ұлықтауға арналған ерекше мәдени басқосу болды. Оның қаламынан туған туындылар болашақ ұрпақ үшін баға жетпес қазына болып қала бермек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button