Атыраулық азаматты азаптаған полицейлер сотталды

5ea17e6ccfc81 Жаңалықтар

Атырау облысында ер адамды азаптап, ұрып-соққан полиция қызметкерлері сотталды. Олар себепсіз азаптағаны үшін үш жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Өткен жылдың наурыз айында Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы кәсіпкер әйелдің 4 млн 500 мың теңгесі мен 1600 доллары жоғалып кетеді. Полицияға арыз түсірген әйел ақшаны ұлы ұрлауы мүмкін екенін айтады. Кейін полиция қызметкерлері келіп, оның ұлын күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, азаптайды.

Зәбір көрген ер адам облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Іс-қимыл Департаментіне арыз жазып, екі жедел уәкіл қамауға алынады.

«Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің жауабымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденеді. Күдікті полиция қызметкерлері өз кінәларын мойындаған жоқ» делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот екі жедел уәкілді ҚК 146 (Азаптаулар) және 362 (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) баптарымен кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандықтарынан айырды.

Сондай-ақ капитан және аға лейтенант шендерінен айырды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз