АТЫРАУДА ҚҰС ФЕРМАСЫ АШЫЛДЫ

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау облысында тағы бір жоба жүзеге асты. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген «Алмалы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы іске қосылды. Салтанатты шараға ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қатысып, жаңа нысанның лентасын қиды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Атырау облысында да осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Құс фабрикасы жылына 30 миллион жұмыртқа береді деп жоспарлануда, – деп, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов халықты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысының айтуынша, күні бүгін облыс тұрғындары  жұмыртқамен 13 пайызға ғана қамтылуда. Құлсары қаласындағы құс фабрикасы кешікпей 20 миллион жұмыртқа беретіндей қуатқа шыққалы отыр. Сонда, жалпы алғанда 50 миллион жұмыртқамен көрсеткішті 63 пайызға көтеруге мүмкіндік тумақ. 

– Қазіргі геосаяси қиындықтар кезеңінде бұл біз үшін ауадай қажетті жоба деп есептеймін. Сонымен қатар, өлкеде тағы бір құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Сонда тауық еті және жұмыртқамен өзімізді өзіміз толықтай қамтамасыз ететін боламыз, – деп атап өтті Бақтықожа Салахатдинұлы.

Шаруашылық директоры Боран Нақпаевтың айтуынша, құс фабрикасы 100 мың бас тауыққа негізделген. Күні бүгін  Ресейдің Свердловск облысында өсірілетін германиялық «Хайсекс Уайт» тұқымды58 мың балапан әкелінген. Көктем айларына дейін олар өсіп, алғашқы өнім алынады. Ал, келер жылдың сәуір-мамыр айларында жобаның екінші кезеңі басталмақшы, яғни, тағы 58 мың балапан келеді деп күтілуде.    

Алмалы ауылы тұрғындарының атынан сөз алған еңбек ардагері Амантай Есқалиев облыс басшылығына шексіз алғысын білдірді.

– Елбасының бастамасымен елімізде қолға алынған бағдарлама қазыналы өлкемізде де жарқын көрінісін тауып келеді. Осы бағытта тағы бір тамаша іс тындырылып, игілікті қадам жасалып отыр. «Жұмысы жоқ жанның тұрмысы да оңбайды». Сондықтан, Мемлекет басшысының елімізде жұмыссыздық мәселесін барынша азайту мақсатында берген тапсырмаларын халыққа жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз. Салтанатты түрде ашылып отырған құс фермасы – соның айғағы, – деді ол.

Қырық бес адамды жұмыспен қамтып отырған құс фермасы тек жұмыртқа шығарумен ғана емес, болашақта құс етін шығаруды да қолға алғалы отыр. Осы мақсатта алдағы уақытта ет өңдейтін цех ашу да жоспарда бар.

«Өнімдер нарық бағасынан төмен болады» дейді мамандар. Және жергілікті сауда орындарында сатылмақшы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз