Журналистер арасында футзалдан турнир өтті
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің ұйымдастыруымен футзалдан турнир өтті. Назарбаев Зияткерлік мектебінің спорт залында өткен жарыстың ашылу салтанатында серіктестік директорының орынбасары Рауан Сәбитов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұржауған Төлеуова сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Облыстық додаға алты команда қатысты. Атап айтсақ, олар – «Атырау-Ақпарат», «Ақ желкен», «Қазақстан-Атырау», «Аудандық газеттер», «Ардагерлер» және «Журналистика мамандығының студенттері» командалары.
Айналым жүйесі бойынша өткен жарыста «Қазақстан-Атырау» телеарнасының қызметкерлері жеңіске жетті. Олар қарсы келген командалардың барлығынан басым түсті.
Екінші орынды еншілеген «Ақ желкен» командасы тек жергілікті телеарна қызметкерлеріне ғана жол берді. Ал, жарысты ұйымдастырушы серіктестік командасы жарыстың қола жүлдегері атанды.
Ойын қорытындысымен аталымдар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. «Ақ желкен» командасының шабуылшысы Салауат Ажгулов «Үздік ойыншы» атанса, ардагерлер сапында ойнаған Серік Төлебаев «Үздік қақпашы» номинациясының жеңіп алды. «Үздік шабуылшы» ретінде аудандық газеттер қызметкерлерінен құралған команда ойыншысы Жанай Амантурлин танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер екі жүз мың теңгені құраған жүлде қорын өзара бөлісіп, кубоктармен марапатталды.
Жексенбі күні «Қазақстан-Атырау» телеарнасы журналистер арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды.
Айбек ӨТЕМІСОВ, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының операторы:
– Ойын тартысты өтті. Ұйымдастыру деңгейі де жоғары. Осыған орай, мереке қарсаңында алаңда басымызды қосқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Жеткеншек ҚҰРМАНБАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 2-курс студенті:
– Журналистика мамандығының болашақ қызметкерлері ретінде сала майталмандарымен жарыс алаңында кездесу – біз үшін үлкен мәртебе.
Университетте де футзалдан факультетаралық жарыс жиі өтеді. Сабақтан тыс уақытта да жиі жаттығамыз. Өзге де командалар жақсы дайындықпен келген. Тек өз қызметтерінде ғана емес, спортта да мықты екендігін байқадық.
Айгүл Ертілеу
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ