Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Жаңалықтар

«Журналист мәртебесі» туралы заң қажет

Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы жұмыстармен және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге дайындықтың жайымен танысу үшін Атырауға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары келді.

Сенаторлар Нұртөре Жүсіп, Айгүл Қапбарова, Динар Нүкетаева, Нариман Төреғалиев және Сәрсенбай Еңсегенов алдымен «Қазақстан-Атырау» телеарнасында болды. Олар ұжым тынысымен, материалдық-техникалық жабдықталу жайымен танысты. «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттері редакцияларын аралап, өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларындағы барлық жаңалық-хабарларды жеткізуші басылымдардың бүгінгі тірлігімен танысты.

Бұдан соң Сенат депутаттары медиасеріктестіктің баспасөз орталығында газет және телевидение журналистерімен ашық пікір алмасты. Сенатор Нұртөре Жүсіптің пікірінше, қазіргі қоғамдағы мәселені есту, оны қолдау, ортақ шешімге келіп, бәтуәлі байлам жасау елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі. Ол өңірде қордаланған мәселелерді жүйелеп, жинақтап қарастыруға, әріптестердің ұсыныс-пікірлерін де тыңдауға дайын екендігін білдірді.

– Қазақ мемлекетін, оның тілін қолдаймын деген әрбір көкірегі ояу азамат міндетті түрде газет оқуға тиісті. Адамдардың газет оқу мәдениетін қалыптастыра білуіміз керек. Ал, күнделікті шығып жатқан газетті оқымаған, жаңалық-хабарлардан шет қалған адам көп нәрсені жоғалтқандай күй кешеді емес пе? Сондықтан, халқымыздың санасын, ой-өрісін, ойлау қабілетін жетілдіре түсетін басылым екендігін жас та, кәрі де ұғына білуі керек, — деді Сенат  депутаты.

Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, мамандығы бойынша журналист Айгүл Қапбарованың пайымдауынша, ұлтын сүйетін, өзін патриот санайтын дәрігер де, мұғалім де, жалпы барша зиялы қауым өкілі де мерзімді басылымға жазылуы керек. «Зорлап, күштеп жаздырмаңдар» деген пікірдің, идеологияның өзі дұрыс емес» деді сенатор әріптесіміз.

Кездесу  барысында «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев басылым таралымын көбейту, оқырманға көркем безендірілген оқылымды материалдар ұсыну, олармен кері байланыс орнатуда қолға алынып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

1i3a7405

Өңірдегі мемлекеттік БАҚ өкілдері мен Сенат депутаттарының үлкен құрамдағы кездесуінің аймақ журналистикасы тарихында алғаш рет болып отырғанын айтқан облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов өз ризашылығын білдіре отырып, көпшілік әріптестерін толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді ортаға салды.

– Қазақ тілінде шығатын аймақтағы мемлекеттік басылым ретінде барлық мәселелерді көтеріп, мазмұнды, сапалы шығаруға жұмыстанып жатқанымызбен, оның бәрі оқырманға жетпей жатыр. Өйткені, таралым азайды, көзқарас өзгерді, әлеуметтік желілер де газетке кері әсерін тигізуде. Кезінде еліміздің ауыл шаруашылығын көтеру үшін деп мемлекет тарапынан дотация берілді. Қазір шаруа қожалықтары мемлекеттік субсидияға ие бола алады. «Осы сияқты мерзімді басылым арқылы халыққа мемлекеттік саясатты насихаттап, түсіндіріп отырған газет редакцияларына дотация беруге болмас па еді?» деген ой бізді де мазалайды.

Екіншіден, Қазақстанда арнайы журналист мәртебесін (статусын) анықтайтын заң қабылдануы мүмкін екендігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен кезде мәлімдеген еді. Қазір журналистер ешқандай да санатқа (бюджеттік те, мемлекеттік те)жатпайды. Мәселен, тұрғын үй кезегіне де тұра алмайды. Біз «Журналист мәртебесі» туралы Заңның қабылдануына Сіздер ұйытқы болады деп үміттенеміз. Себебі, мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдік көру бақыты бұйырмаған мамандық иелеріміз. Осы жағын сіздерге аманаттаймыз, — деген бас редактордың сөзіне әріптестері қызу қолдау білдірді.

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button