Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Журналист Қ.Ғұмаровтың «Тікен арасындағы гүл» атты жаңа кітабы жарыққа шықты (ФОТО)

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» демей ме, қазақта туған жерінен асып, туған елінің туын биік көтеріп жүрген, ұлты мақтан тұтар ұл-қыздары баршылық. Олардың қай-қайсысын болсын, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге етуге болады. Сондай ел мақтанышы болып жүрген өңірімізге танымал жаны жайсаң азамат, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, білікті журналист Қанат Зарлыханұлы Ғұмаровтың С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жақында ғана шыққан «Тікен арасындағы гүл» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Изображение 037

Алғашқы құттықтау сөзде аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданымыздың дарынды төл перзенті, журналист-жазушы Қанат Ғұмаровтың шығармашылық кеші өтуде. Бүгінде оның туындылары елдің ықыласына бөленіп, аудан оқырмандарына ғана емес, облыс, республикаға танылды. Ол сөз өнері саласында тынбастан еңбек етіп, журналистік қызметімен қатар, жазушылық қабілетін де қалыптастыра білді. Прозалық шығармаларымен бірге, поэзияда көрінді. Оның қаламынан туған жыр маржанының қатарында Отанға, туған жерге, ел-жұртқа, табиғатқа деген асқан сүйіспеншілік жатыр. Ауданымыздың айнасы «Серпер» газетінде қызмет ететін азаматымыз өзінің озық ойлы мақалаларымен көзге түсіп, халықтан әлдеқашан лайықты бағасын алып болды. «Сөз өнері – өнердің ішіндегі ең құдіреттісі» делінсе, әкенің қаны мен ананың ақ сүтін бойына сіңірген табиғи дарын иесі Қанат Зарлыханұлы қандай құрметке де лайық. Сондықтан, оған тың табыстар тілеп, қанатыңыз талмай биікке самғап, шабытыңыз шарықтай берсін»,-деген шынайы ықылас ниетін білдірген аудан әкімі кеш иесін өзінің Алғыс хатымен ұлығылады.

Сонымен қатар, Бибоз Байдәулетұлы «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткізілген облыстық «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің жеңімпаздары Абай, Манаев, Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары Аяулым Аманқызына, Ақерке Амангелдиеваға, Ерасыл Есенгелдіұлына, Гулфайрус Есенболатоваға түрлі марапаттар тапсырды.

Изображение 067

Изображение 106

Кеш қонағы күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай журналист-жазушы Қанат Ғұмаровқа жүрекжарды лебізін жеткізіп, жаңа еңбегіне сәт сапар тіледі. Аудандық орталық кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова Қанат Ғұмаровтың оқырманға жол тартқалы отырған кітабына шолу жасады.

«Қанат Ғұмаров жай жазып қоятын журналист қана емес, сонымен қатар поэзия мен проза әлеміне өзіндік сүрлеу салған ақын-жазушы. Жазғандарының қайсысы болмасын өмір ағымымен байланысып, жүрек түкпірінен орын алатын салмақты дүниелер. Бұған дейін де оқырмандарына жол тартқан кітабының қатарын толықтырып отырған «Тікен арасындағы гүл» атты жаңа жинағына әңгімелер мен хикаяттарын, эссе, новеллаларын жинақтап, ұсынып отыр. Көлемі жағынан қысқа жазылған әңгімелерінің қай-қайсы да жүрекке жол тауып, оқырманын селқос қалдырмайды. Өйткені негізгі кейіпкерлері аттары өзгертіліп алынған өмірде бар адамдар, солардың бастан кешкен баяны өте қызықты әңгімеленеді. Жаңа басылым ішкі мазмұны, безендірілуі, сапасы жағынан да өте тарымды. 256 беттен тұратын бұл жинаққа автордың 17-дей шағын әңгімелері мен хикаяттары, эссе, новеллалары топтастырылған. Тілі тартымды, айтар ойы сенімді.»,-дей келе, Л.Ибатоллақызы білікті журналист, қарымды қаламгердің өнегелі өмір жолы мен кітаптағы әңгімелерінің негізгі сюжетін баяндады.

Изображение 045

Жаңа туындының тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Бибоз Байдаулетұлы мен ардагер спортшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Мадат Хамзаұлы жасады. Мадат Сәрсекеев кеш иесінің шығармашылығына журналистика саласының абызы, марқұм Рахмет Иманғалиев кезінде тәнті болғанын тілге тиек етіп, әлеуметтік желіде еліміздің өзге ақындарымен айтысқа түскен Қанаттың айтыскерлік қабілеті жөнінде сөз қозғап, оны жиналған көпшілікке жаңа қырынан танытты. Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, баршаға рухани демалыс сыйлаған әсерлі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлына зор ризашылығын білдіріп, Қанат Ғұмаровтың шығармашылығының қалай бастау алғаны, газет жұмысындағы биік беделі мен жеткен жетістіктері, журналистік шеберлігі, азаматтық келбеті жайлы тартымды әңгіме өрбітті.

«Көркемсөз оқу шеберлері» атанған бір топ оқушылар автордың лирикаға толы сыршыл өлеңдерінен және прозалық шығармаларынан үзінділер оқыды.

Ақын, Қанат Ғұмаровтың қаламдас ағасы Нұрлығайын Нұғыманов, рухани қазынаға топтастырылған туындылардың желісіне егжей-тегжейлі шолу жасап, кітаптың қадамының сәтті болуын тіледі.

Кеш соңында журналист-жазушы Қанат Ғұмаров кітаптың тұсаукесер кешін кең көлемде өткізуге ұсыныс жасаған аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке, шырайлы шараны жоғары деңгейде жүргізген орталық кітапхана ұжымына, журналистикадағы ұстазы Таңатар Дәреловке ризашылық сезімін айтып, сенімдерін ақтап, алдағы уақытта да шығармашылығын шыңдай беретінін жеткізді. Аудандық өнерпаз Раушан Сәрсенова «Дүние-ай» әнін шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Айнагүл Шакупова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button