«Сақалды» құрылыстан қашан құтыламыз?

fl7bcqlv Қоғам

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, қуатты ел бастауын қуатты өңірден алатыны айқын. Ал, оның өзі әрбір саланың даму қарқынымен өлшенетіні заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде облысымызда өзгелерімен қатар құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде  атап өтілетін сала еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі – Құрылысшылар күні қарсаңында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы әңгіме қозғауды мақсат тұттық.

Баспана – басты мәселе

Тек былтырдың өзінде облыста жалпы ауданы 830,5 мың шаршы метр тұрғын алаң немесе 6551 пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде, жекеменшік үй құрылысының көлемі – 551,5 мың шаршыметр (3392 пәтер), ал коммерциялық баспана көлемі – 279 мың ш/м (3159 пәтер). Соңғы көрсеткіш алдыңғы жылғыдан едәуір көбейіп, коммерциялық тәсілмен салынған үйлердің саны артқан. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, былтырғыдан да өсіпті.

Осылайша, жыл бойына барлық қаржыландыру көздерінен 731 мың шаршы метрден астам тұрғын алаңды пайдалануға беру көзделсе, алты айда соның 268,8 мың ш/м-і тапсырылған немесе 1179 отбасы баспаналы болу мүмкіндігін иеленген. Бүгінгі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 300 мың шаршыметрге жуық 3382 пәтерге шақталған 52 көп қабатты үй құрылысы жүргізілуде. Қаржыландыру және қажетті материалдармен жабдықтау жағынан кідіріс болмаса, жыл соңына дейін белгіленген межеден көріну көзделген.

Бірінші кезекте – білім ордасы

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуына қарағанда, кейінгі кездері тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар құрылысына да айрықша назар аударылып, қомақты қаржы бөлініп отыр. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жобалар іске асуда. Соның ішінде алдымен білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, санын ғана емес, сапасын да көтеруге көңіл бөлінген. Қазір облыс көлемінде 5140 орындық 11 мектеп пен 2 жапсаржайдың құрылысы жүріп жатыр. Олардың құрылысы келер жылдың соңында толық аяқталады.

Ал, мұнай компанияларының демеушілігімен биыл 2150 орындық екі мектептің құрылысы басталыпты. Олар да келесі жылы тапсырылмақшы. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесімен 4000 орынға есептелген екі мектеп салынып жатыр. Және «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы арқылы облыс бойынша 12 мектептің құрылысын салу жоспарға енгізіліпті. Оны «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы қаржыландырады.

Жас өренді өнер мен спортқа баулудың маңыздылығын ойлаған елде бұл саланың жағдайын жақсартып, мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріледі. Бұл бағыттағы жоба-жоспарлардың да өңірлерден басталып отырғаны құптарлық жайт. Мәселен, Исатай ауданының орталығында 250 орындық балалар өнер мектебін салу көзделген. Болашақта мұнда өнерге бейім өрендер музыкалық білім мен эстетикалық тәрбие алмақ.

Мақат ауданының Доссор кентіндегі мұнай және газ технологиялық колледжінің жанынан салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені де келешекте жасөспірімдер үшін пайдалы әрі қажетті нысанға айналары даусыз.

Ал, NCOC компаниясы Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектепке 250 орындық жапсаржай салатын болды. Оның құрылысы да басталып кетті.

Бала да, бақша да көбейді

Демографиялық ахуалдың жақсарып, бала санының өсуіне байланысты мектепке дейінгі балалар мекемелеріне де қажеттілік артып барады. Мәселенің шешілуіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі оң ықпалын тигізуде. Мысалы, былтыр Атырау қаласында 2610 орынға шақталған тоғыз балабақша осы тәсілмен пайдалануға тапсырылды.

Отандық компаниялардың демеушілігімен 320 балдырғанды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын екі балабақшаның тұсауы кесіліпті. Дәл осылай биыл да облыс орталығы мен Индер, Исатай аудандарынан 610 орындық төрт балабақша тапсырылуы тиіс. Биыл қала іргесіндегі Талғайраң мен Құрманғазы ауылдарының әрқайсысында 280, Исатай ауданының Томан елді мекенінде 80 орындық балабақша құрылысы жоспарланыпты.

Бір сөзбен түйіндесек, бала да, бақша да көбейіп тұр. Мұны жақсылықтың нышаны, оң үрдіс ретінде бағалаған абзал.

«Қоғамның басты байлығы – адам» десек, халықтың саулығын сақтау саласын нығайту – мемлекеттің алдындағы маңызды міндеттің бірі. Ол үшін медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуы тиіс. Сол себепті жүзеге асып жатқан жобалар жеткілікті.

Облыста былтыр басталған 9 емдеу-сауықтыру мекемесінің құрылысы жалғасып жатыр. Оның үшеуі – демеушілік, алтауы – бюджет қаржысына салынуда. Атап айтқанда, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы 75 кереуеттік орталық аурухана мен Қарағай ауылындағы медпункт, Атырау қаласының «Береке» шағынауданындағы бір мезгілде 50 пациент қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, балаларға арналған оңтайландыру орталығына 80 орындық жапсаржай, Қызылқоға ауданының бір және Махамбет ауданының үш ауылынан бой көтеретін медициналық пункт пен Аққыстау ауылының (Исатай ауданы) Өркен шағынауданынан салынатын фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы.

«Ауылда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы арқылы биылдан бастап 2026 жылға дейін төрт ауданда (Құрманғазы, Махамбет, Индер және Қызылқоға) 18 медпункт пен ФАП салу жоспарланған. Ал, «Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында Атырау қаласының «Нұрсая», «Өркен» шағынаудандарында тәулігіне 250 келушіні қабылдау мүмкіндігі бар 2 емхана, 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылысы да жоспарға енгізілген. Ресми мәліметке қарағанда, тек биыл ғана 8 нысанның құрылысына тендер жарияланыпты.

Спорт пен мәдениет – нысанада

Былтыр облыста жаңадан 3 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның біреуі – Құлсарыдағы орталық стадион, екіншісі – Индер ауданының Жарсуат ауылындағы, сосын Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы спорт кешендері. Қазір бюджет қаржысына 9 спорт нысаны салынып жатыр. Республикалық бюджет есебінен ауданнан бір спорт нысаны бой көтерсе, екеуі қаладан ірі компаниялардың демеушілігімен салынады.

Мәдениет нысандарын салуға да бүгінде басымдық берілген. Егер өткен жылы Құрманғазы ауданының Хиуаз ауылында заманауи үлгідегі 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл жалпы сыйымдылығы 2500 көрерменге шақталған сондай 10 мәдени ошақтың құрылысы қолға алынуда. Оның төртеуі республикалық, алтауы жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландырылған.

Осы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – Махамбет ауданының Сарайшық ауылында «Сапар орталығы» ғимаратының қолданысқа берілуі. Сосын жақында Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды.

Бұл нысандар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Айта кету керек, кейінгі кезде коммуналдық сала нысандарының құрылысына көбірек көңіл бөліне бастағаны байқалады. Оған мысал ретінде Доссор кентінде салынып жатқан кәріздік желілер мен сорғы станцияларын келтіре кетсек артық емес. Әрине, бұдан біраз бұрын жоспарланған бұл жобаны іске асыру барысында біршама кідіріп, тіпті жұмыстың тоқтап қалған кездері болған. Өйткені, кәріздік тазарту имаратының салынуы себепті бастапқы жобаға ішінара өзгерістер енгізіп, жұмыс ауқымы қайта пысықталып, жобалық-сметалық құжаттамасын қайта ресімдеп, қаржы көлеміне де түзетулер жасауға тура келді. Түрлі себептермен мерзімі ұзап кеткен Аққыстау ауылындағы кәріздік тазарту имаратының құрылысы да аяқталуға таяп қалыпты. Дәл осындай нысандар құрылысы алдағы уақытта Махамбет пен Құрманғазы аудандарында да жалғаспақшы, бүгіндері жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.

Осыдан біраз бұрын басталған Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету, гидрологиялық ұлғайту бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Нақты айтқанда, бұл жұмысты жүзеге асыру барысында Жайық өзені бойында 51,5, Қиғаш бойында 99 шақырымдық аумақ қамтылмақ.

«Сақалды» құрылыстан қашан құтыламыз?

«Біткен іске – сыншы көп». Әйтсе де, елдің мұнайлы орталығында да жылдар бойына бір орнынан жылжымай тұрған «сақалды» құрылыстар жеткілікті. Соның бірі – Атырау қаласындағы №15 Абай атындағы орта мектептің асханасы. Жасыратыны жоқ, оның құрылысы сегіз жылдан бері сіңірдей созылып, әлі күнге бітпеген. Және бір дерек – 2016 жылы жоспарға енген қаланың сегіз мектебіндегі салынуы тиіс асхананың төртеуі ғана пайдалануға тапсырылған. Қалғандарында құрылыс жұмыстары мердігердің кінәсінен тоқтап тұр. Сол себепті, іс сотқа жолданып, келісім-шарттар бұзылған. Қазір бұл нысандар облыстық әкімдік пен салалық басқарманың бақылауына алынған.

Сәл шегініс жасасақ, қаржы тапшылығын алға тартып, құрылысын тоқтатқан Абай мектебіндегі жұмыстар негізінен бітіп тұр, қаражат тек оны жарақтандыруға қажет. Өзге нысандарда да осындай жағдай. Енді осы және өзге де құрылысы басталып, орта жолдан үзілген нысандардың құрылысын жандандыруға күш салынуда. Жаңа мердігер тағайындалып, құрылысты жалғастыруға рұқсат та бар. Жылдың соңында қалған төрт мектептің асханасы іске қосылатын болады.

Апатты нысан болмауы тиіс

Ондаған жылдар бойы «Атыраубалық» АҚ-ның теңгерімінде болған Балықшыдағы бұрынғы «Шамшырақ» балабақшасы ғимаратының апатты деп танылғанына да аз уақыт өтпеген. Сөйтсек, бұл балабақша кәсіпорынның теңгерімінен облыстық білім басқармасының иелігіне берілген. Соның салдарынан құрылыс басқармасы ғимараттың қандай жағдайда екенінен мүлде хабарсыз қалған сыңайлы. Тек облыс әкімінің Балықшы тұрғындарымен кездесуінде ғана мәселенің жылдың соңына дейін шешімін табатыны туралы айтылды.

Құрылыс басқармасы басшысының әңгімесінен осы санаттағы нысандарға қатысты тағы біраз жайларға қанықтық. Мысалы, бірнеше жылдан бері айтылып, «жырға» айналған облыстық музей мен архив мекемелерін заманауи үлгідегі ғимараттарға көшіру жайы да әзірге қағаз жүзінен жоғары жылжымай тұр. Орындары әлдеқашан анықталса да, жаңа нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы енді ғана әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Көп қабатты үйдің проблемасы аз емес

Көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – Талғайраң шағынауданындағы көп қабатты үйлерге қатысты. Сырткөзге бір өзі бір қаладай болып көрінетін бұл үйлердің пайдалануға берілмеу себебі тұрғындарға толық түсіндірілген жоқ. Басқарма басшысының айтуынша, қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес осы жерден көппәтерлі 24 үй салу межеленген. Алайда, жұмыс барысында құрылыс материалдарының құны қымбаттап, аяқ астынан проблема туындайды. Яғни, ішінара өзгерістер мен түзетулер енгізе отырып, сметаны қайта қарап, бекітуге тура келді.

Қазіргі өзекті мәселе – инженерлік желілер төңірегінде. Соның кесірінен желі төсеумен айналысатын қосалқы мердігер өз міндетін орындай алмай отыр. Тапсырыс берген тарап – қалалық құрылыс бөлімі жауапсыздығы үшін мердігер мекемені сотқа берген. Енді мемлекеттік сатып алу заңнамасының негізінде конкурс жарияланып, жаңа мердігері анықталуда. Сондай-ақ осы ауданда бұрын қойылған жылу қазандықтарын жаңа, модульді үлгідегімен алмастыру ойластырылған.

Басқарма басшысы Нұрберген Құсайынов қайта жаңғырту жасалатын бұрынғы Киноконцерт залы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын қайтара даярлауға рұқсат алынып, жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Оған қоса, облыс орталығы және Индербор кентінен төтенше жағдайлар департаментіне бағынышты өрт сөндіру депосын салу да жоспарға енген.

Әрине, облыстағы құрылыс салу қарқынында толас жоқ. Дегенмен, «әттеген-ай» дегізер жайттар да көңіл құлазытып тұр. Оның барлығын жүзеге асыру – тек ынта мен ниетке байланысты. Әйтпесе, пенденің қолынан келмейтін іс жоқ.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз