Жарнама
Жаңалықтар

ЖОЛАУШЫЛАРҒА – ДИСКОНТТЫҚ КАРТА

Жақында атыраулық Ерлан Нұрғалиев сол  дисконттық картаның алғашқы иегерінің бірі атанды. Әдетте, біз дисконттық карталарды супермаркеттерден көріп,азық-түлік алғанда тұтынатынбыз. Осы үрдістің жолаушылар билетіне де енгізілуі шынымен тамаша жаңалық болды. Ерлан бизнес өкілі болғандықтан Атырау мен Алматы, Алматы-Астана аралығына жұмыс бабымен жиі жүреді. Айта кетерлігі, Қазақстанда пойызбен жүрген жолаушылардың бағыт-бағдары базалық мәлімет орталығында сақталады екен. Ерлан сол дерек бойынша үздік жолаушы ретінде танылып, оның бір жылға жуық уақыт ішінде 500 мың теңге шамасында қаражатқа пойыз билетін сатып алғаны анықталыпты. Сол себепті «Жолаушы тасымалы» компаниясы оған жол билетіне 20% жеңілдік беретін «Саяхатшы» дисконттық картаны сыйлық ретінде тегін беріп отыр.

Күні кеше Ерланды Атырау теміржол вокзалына арнайы шақыртқан «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Атырау телімінің бастығы Әлмұқан Есқалиев дисконттық картаны иесіне табыс етіп,темір жол көлігінің сенімді де тұрақты жолаушысын ұтымды сыйлығымен құттықтады. Мұндай сыйды күтпеген Ерланның таңданысында шек болған жоқ.

— Мен көп жылдан бері бизнес саласында тер төгіп келе жатқандықтан табыс табу үшін жұмыс бабымен көп жолаушылаймын. Сонда пойыз көлігін, оның ішінде жүрдек пойыз «Тальгоны» жиі пайдаланатыным да рас. Аяқ астынан мұндай күтпеген сыйлыққа ие болу – мен үшін үлкен қуаныш, әрине. Пойызға әр мінген сайын 20% жеңілдікке ие болып отыру деген, біле білген жанға көп үнем ғой. Мәселен,мен бір жылда 500 мың теңге билетке жұмсасам, 20 пайызбен 100 мың теңге ұтады екенмін. Бұл шын мәнінде мен үшін нағыз жаңа жылдық «тосынсый» және үлкен сыйлық болды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның халық үшін осындай жеңілдіктерді ойластыруы – құптарлық іс деп бағалаймын және оң болсын деп тілеймін, — деп қуанышымен бөлісті. Ерлан алдағы жылы дисконттық қартасының әр билетке 20 пайыз жеңілдік беретін мүмкіндігін барынша көп пайдалануға тырысатынын да жасырмады…

Айта кетейік, бұл дисконттық карта Қазақстан бойынша жүретін «Тұлпар-Тальго» пойызының барлығына дерлік қолданылады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінің бастығы Әлмұқан Есқалиевтың айтуынша, егер кімде-кім өзінің осынша сомаға билет алғанын шамаласа, онда вокзалдардағы билет кассаларына келіп, өзінің арызы негізінде базалық орталықтан тексертуіне болады. Нақ сол адамның пойызбен қомақты сомаға жол жүргені анықталса, «Саяхатшы» дисконттық картасына ие болады.

Өз тілшіміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button