Жол апатынан бір адам қаза тапты
Атырауда жол апатынан көлік өртеніп, жүргізушісі қаза тапты. Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 9 наурыз күні сағат 07:00 шамасында Доссор–Құлсары–Бейнеу тасжолының 74-інші шақырым тұсында маркасы «Газель» және «КамАЗ» автокөліктері соқтығысқан.
Жол апатынан екі автокөлік те отқа оранып, «Газель» автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Полицейлер көліктерді және жол апатының салдарын тексеру барысында «Кибер-Шериф» құрылғысы арқылы автокөліктердің қоғалыс уақыттарын зерделеп, «Газель» көлігінің жүргізушісінің демалмастан тәулік ішінде Ақтау–Орал, Орал–Атырау бағыттарында көлік басқарғанын анықтады.
Тәртіп сақшылары жол ережелерін сақтап, көлікті сақтықпен басқаруды ескертеді. Көлікті басқару кезінде физикалық тұрғыда дайын болу маңызды, алыс сапарларда тасжол бойларындағы кемпингтерде демалу қажет. Жол сақшылары көлік жүргізушілері өзінің және өзгенің денсаулығы мен өміріне жауапты екенін естен шығармауы міндетті деп санайды.