Алыптың қайта жаңаруы

96 big 1 Жаңалықтар

Мұнайды тереңдетіп өңдеу, өнім сапасын жақсартуға жол ашады

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстары елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халықаралық сапа стандарттарына сай болуға және шығарылатын өнім түрлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделген. Қазіргі таңда  зауытта мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы қарқын алды.

96_big

Жуырда аталған кешеннің  түзету жобасына сәйкес қоғамдық тыңдау өткізіліп, серіктестікте жүргізілетін жаңарту жұмыстары мен оның қоршаған ортаға тигізер әсерінің деңгейі туралы айтылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысты. Бекітілген ережеге сай қоғамдық тыңдаудың жетекшісі болып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов сайланды.

Айта кетсек, аталмыш зауыт пен қытайлық «Sinopec Engineering», жапондық «Marubeni Corporation» компаниялары және «КазСтройСервис» АҚ-мен арада мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысының түбегейлі тапсыру шартына қол қойылған болатын. Жоба шетелдік банктердің және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ұлттық даму институтымен қаржыландырылады.

Зауыттың бас директорының даму және жаңарту жөніндегі орынбасары Нұрлан Кейкиннің мәлімдеуінше, бұл инвестициялық ниеттің стратегиялық мақсаты әлемдік экологиялық стандарттарға сай жоғары сапалы өнімдер шығару және отандық өнімді дамыту жолында мұнай-химия шикізатын өндіру болып отыр.

– «Мұнайды тереңдетіп өңдеу» жобасы аясында жоғары октанды бензин, авиакеросин мен дизель өндірісін ұлғайту және Еуро-4, Еуро-5 сапалы мотор отындарының стандарттарына жету үшін 85 пайызға дейін өңдеу тереңдігін арттыру көзделген. Кешенді биыл іске қосу жоспарлануда.

– Бұл мақсатты орындау үшін Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңарту қажет. Жаңарту экологиялық сипаттары жоғары отын алуға бағытталған қайталама мұнай өңдеу процестерін дамыту арқылы жүзеге асады. Бұл мұнайды барынша тиімді пайдалану, әрі қоршаған ортаға әсерді азайтуға үлесін тигізбек. Тапсырманы орындау өңдеу тереңдігін қосымша қамтамасыз етуге септігін тигізетін каталитикалық крекинг сияқты базалық процестерді енгізу арқылы іске асады, – дейді жобаны түзету жұмыстарын жүргізген «Казгипронефтетранс» инжиниринг компаниясының өкілі Владимир Василенко.

Зауыт аймағындағы қоршаған ортаның қазіргі ахуалы жөнінде баяндаған «Ecokronos» ЖШС директоры Ольга Уварова бұл бағытта жүргізілетін жұмыстардың ауаға әсерінің қауіпті емесін жеткізді.

– Зауыт жұмысына жаңа технологиялық секцияларды енгізу қоршаған ортаның жағдайын қалыпты деңгейде ұстайды. Жаңарту жобасы аясында ұсынылған техникалық ұсыныстар апаттық жағдайды болдырмауға септігін тигізеді, – деді ол.

– Зауыттың санитарлық-қорғаныс аймағы 805 гектарды құрайды. Бұл аумаққа Перетаска және Химпоселок елді мекендерінің 144 жер телімі, үш жатақхана кіреді. Өткен жылдың желтоқсан айында З.Қабдолов көшесіндегі №6, 10, 12 жатақхана тұрғындары көшірілді. Ал, жер телімдеріне байланысты облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен жылжымайтын мүлік иелері арасында мемлекеттің қажеттілігіне алу жөнінде келісімдер жасақталуда, – деді   Нұрлан Кейкин.

Сондай-ақ, қоғамдық тыңдауға қатысқан Марат Қалмұратов, Махамбет Жексенов және тағы басқалар өз пікірлерін ортаға салды.

Айгүл Ертілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз