Жарнама
ЖаңалықтарСарапTime

Жеті қазынаның бірі – ИТТЕН ҚАНДАЙ ҚАТЕР БАР?

Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. Бүгінде жергілікті атқарушы билік иттерді атуға да қаржы бөледі. Кейін сол бойынша есеп беріледі. Әрине, бұл – амалсыздан жасалып жатқан шара. Иелері иелік етпеген соң бұралқы атанып, көше кезіп жүрген ит қоршаған ортаға қауіп төндіре бастаған. Сонда, «Адамның адал досы» атанған төрт аяқтыларға не болды?

Жалпы, турасын айтқанда, төңіректе орын алып жатқан барлық жағымсыз құбылыстарға алдымен өзіміз кінәлі екендігімізді жадымыздан шығармағанымыз жөн. Тағы аңдарды еркін жортқан иен даласынан айырсақ, иттің бойына иттік мінезді де дарытқан адамдар. Әйтпесе, адамзатқа ең жақын жануар осы емес пе еді? Алғаш қолға үйретілген де сол.

Аңыз бойынша, Адам ата мен Хауа ана заманында жер бетін топан су басып, барлық егін ағып кеткен көрінеді. Сонда әлдебір ит жалғыз түйір масақты аузымен тістеп әкеліп, адамдарға берген екен. Келесі көктемде олар оны отырғызып, өнікті өнімге кенеліпті. Сөйтіп тіршілік тіні жалғасқан. Шындығында ит атаулының адамдарға жасаған жақсылығы аз ба? Ғарышқа да алдымен Лайка есімді ит ұшқан. Сонда опат болған.

Жалпы, бұлар орта есеппен небәрі 10-15 жыл ғана ғұмыр кешеді. Тарихта ең ұзақ жасағаны 29 жасында өліпті. Қазақта «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген де сөз бар. Рас, адамдар да кішкене достарын өзінше бағалаған. Мәселен, Канар аралдары осы жануардың атымен аталады екен. Өйткені, ит латынша «canis» делінеді. Ал, атақты қолбасшы Александр Македонский өзі тұрғызған жаңа қалаға сүйікті иті Перитастың есімін берген.

Оның үстіне, кейбір елде 26 тамыз Иттер күні ретінде аталып өтеді. Қызық емес пе? Алайда, Иранда иттерді үй жануары ретінде ұстауға тыйым салынған. Мұсылман елі ғой, харам жануар санай ма екен? Жалпы, иттердің 703 түрі бар. Ғалымдар соның бәрін зерттеп үлгерді ме? Біз білмейтін тағы қандай қасиеттері бар? Белгілісі – ең ұзын итттің бойы 2 метр 20 см екен. Бұл – адамдарда екінің біріне бұйырмайтын биіктік.

Рас, қасқырдың тікелей ұрпағы саналғандықтан, оның бойында өзгеге тісін батыру дағдысы бар. Сөйте тұра сол тұқымдасына өзі қарсы шабады. Қазақ қасқыр алатын итті қатты бағалаған. Ал, аң ұстайтындары ашаршылық жылдары тұтас ауылды асыраған. Адамдарды аштықтан аман алып қалған. Мұны қалай ұмытуға болады? Солай десек те, бұралқы иттер бүгінде қоғамға қауіп төндіре бастады. Күн санап олардың тісі тигендер көбейіп келеді.

Ауыл әкімдерінің халық алдындағы есебінде түрлі әлеуметтік мәселелермен қатар, осы проблема да қозғалады. Көше кезген төбеттердің балаларды қабатыны айтылады. Ал, бұлар құтырған болса ше? Далада өлексе жеген соң, расында да, жұқпалы дертке тап болуы әбден ықтимал. Мұндай иттің тісі тиген кісіге кейін емделу де оңай емес. Әйтсе де, бүгінде бұралқы иттерді қорғау қозғалысы пайда болды.

Тіпті бұл бағытта қоғамдық қорлар құрылып, қызметіне кірісіп кетті. Олар көшедегі иесіз жануарларды жинап, бағымға алған. Тамақтарын тауып береді, үйшіктермен қамтамасыз етеді. Арнайы орындар тұрғызу үшін атқарушы биліктен жер телімін сұраушылар бар. Бұған түрлі пікір де қалыптасқан. Біреулер дұрыс санаса, екіншілері құптамайды. Әрине, алғашқылары аяушылық танытатын шығар.

Ал, соңғылары қарсылық білдіреді. Расында да, шаһар ортасында иесіз иттерді жинап, бағымға алған жарасымды ма? Бұл істі қолға алғандар бөрібасарларға бүйідей тиетіндерді өздерінше осылай
жазғырып, оған қоғам назарын аударуды мақсат тұтқан тәрізді. Үкіметтік емес ұйым ретінде бюджеттен аздыкөпті ақша да дәмететін шығар. Бірақ, сол төрт аяқтылардың бәрі сау ма? Ветеринарлық тексеру қалай ұйымдастырылды? Жұқпалы дертке шалдыққандары да кездесуі мүмкін емес пе?

Айтпақшы, биылғы қаңтарда бұл мәселе Парламент Сенатында талқыланып, оның спикері Дариға Назарбаева шешу қажеттігін атап айтты. Кейбір қалаларда ветеринарлық орындар ашылып, еріктілер ұйымдары шұғылданып жатқан көрінеді. Бізде де белсенділер табылар.

P.S.

Франциялық белгілі киноактриса Брижит Бардо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, біздің елімізде иттерге қатты қиянат жасалатынын айтыпты. Тіпті оларды тірілей отқа жағады екен. Мұндай аймақтар қатарында Атырау да аталады. Мұның қаншалықты нақты мәлімет екендігін білмедік. Бірақ, жеті қазынаның біріне айналған арланға тағылық танытқанды құптамадық. Ал, бұл ақпараттың қалай шетел асып кеткені тағы таңқаларлық.

Мәлік СӘРСЕНБАЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-assambleyany%d2%a3-25-zhyldy%d2%9b-belgisini%d2%a3-kubogi-tabystaldy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button