Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғамҚұқық

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН КАРАНТИН: көлік жөндеу орталығынан репортаж

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Облыста карантин талабы жеңілдетілді. Жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгендердің қатарында автокөлікті техникалық жөндеу орталықтары бар. Бүгінде олардың жұмысы қалай жүргізілуде? Осы сауалға жауап іздеп көрдік.

ҚЫЗЫҚ ТА ҚИЫН КӘСІП

…Атырау қаласындағы «Janay Grоup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тұмар моторс» автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығында тұрмыз. Мұнда жөндеу жұмыстарын қажет ететін көліктер кезекке қойылыпты. Орталықта жұмыс қызу жүруде. Мекеме басшысы Айболат Тампиевтің айтуынша, 1999 жылы құрылып, іске қосылған жұмыс орнында қазір барлығы 25 адам қызмет етуде.

– Біз ең алдымен заңды тұлғалармен жұмыс жасаймыз. Жыл басынан бері 50-ге жуық мекеменің қызметтік автокөліктерінің жөндеу жұмыстары үшін келісім-шарт жасалды. Қауіпті індет орын алып, төтенше жағдай жарияланған сәтте мекеменің әкімшілік қызметкерлері қашықтан жұмыс жасады. Дегенмен, карантин кезінде қызметі еселенген жедел жәрдем, дезинфекциялық жұмыстар атқаратын мекемелердің көліктері біздің орталықта жөнделетіндіктен, аса қажет екі көлік жөндеу шеберін олардың келісімдерімен орындарында қалдырдық. Ал, қалғандарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Осындай қиын сәтте мемлекет қиналған адамдарға ерекше қолдау жасап отыр, — деді Айболат Жаңайұлы.

Мұнда қызметкерлердің басым бөлігін автослесарьлар құрайды. Оның саны – 15. Әрқайсысы 10-15 жылдық тәжірибесі бар нағыз өз ісінің шеберлері. Темірден түйін түйетін мамандар жұмыстары ауыр болғанымен, өз істерін мақтан тұтады. Олар
қызмет орындарына қайта оралғандарына риза.

– Сырт көзге оңай көрінгенімен, техниканың бұзылған жерін анықтап, жөндеу оңай шаруа емес. Бізге жеткізілген әрбір көлікті ең алдымен толықтай техникалық тексерістен өткіземіз. Сыр берген тұстарын дәл анықтау ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Бұл қызметке атүсті қарауға болмайды. Өйткені, бұзылған темір тұлпар адам өміріне қауіп келтіреді. Сондықтан, оған бейжайлылық танытуға болмайды. Соның ішінде біз адам саулығына ерекше жауапты жедел жәрдем көліктеріне де қызмет көрсетеміз, — деді шебер Николай Фодморев.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» – ЖЕДЕЛ КӨМЕК

Облыста жедел жәрдем көліктерінің біразының тозығы жеткен. Сондықтан, алдын ала келісім-шартқа сәйкес, бұл автокөліктер мұнда жиі жеткізіледі. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде бірқатар көмек көрсетіліпті.

«Бұл уақытта осы сала көліктері үшін мобильді топ жиырма шақты шақыртуға барып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұндай қызмет облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметтік көліктеріне де көрсетілді. Қазір орталықта екі жедел жәрдем көлігі жөнделуде» деді Айболат Тампиев.

Оның айтуынша, бұрын жөндеу жұмыстары үшін күніне 30 көлік тіркелетін болса, қазір оның саны екі есеге төмендеп кетті. Өйткені, кәсіпорын санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, тек заңды тұлғалардың қызметтік темір тұлпарларына ғана қызмет көрсетуде. Әзірге жеке тұлғалардың сұраныстарын қабылдауға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, мекеме директоры мұнда санитарлық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берілетінін де айтты.

«Темір тұлпарды жөндеу жұмыстарында біз ең алдымен өз қызметкерлеріміздің
техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауына баса мән береміз. Мұнда электр қуатымен түрлі жұмыстар жасалады. Дәнекерлеу, темірді кесу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Бұл ретте қызметкерлердің қауіпсіздігі ең басты орында. Сондай-ақ, санитарлық талаптар да назарда. Әрбір клиенттің қолын антисептикпен жуып, бетперде тағып келуін қадағалаймыз. Нысанның ішінде күніне екі рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі» дейді ол.

Мұнда көлік дөңгелегін жамау секілді жеңіл қызметті қоспағанда, бір автокөлікке бір сағаттан екі-үш күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әрқайсысы әртүрлі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ол үшін қосалқы бөлшектердің тапшылығы туындамауы тиіс. Алайда, қазіргі карантин кезінде облыс орталығынан қажетті бөлшектерді іздеп табу қиындық туғызуда.

– Бұрын «Мерей», «Дина» сауда орталықтарында қажетті қосалқы тетіктер қолжетімді еді. Қазір карантиндік шараларға байланысты олардың қызметіне әлі рұқсат берілмей отыр. Сондықтан, қажет бөлшекті іздеп табуда біраз уақыт жоғалтып жатқанымыз рас. Жергілікті жерде қиындық болған соң Алматы, НұрСұлтан, көршілес Ресейдің Мәскеу қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырудамыз. Бұл үшін 5-7 күн күтуге тура келеді. Бағалары да 20 пайызға дейін қымбаттады. Сондықтан, облыс орталығынан дереу табылатын бөлшектер сататын сауда орындарының жұмысына тезірек рұқсат берілсе екен, — деп ұсыныс білдірді мекеме директоры.

Жиырма жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан бұл орталық алғашында Елбасының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары негізінде ашылды. Мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы шаралары талай қиын сәтте демеу болса керек. Орталық басшысының сөзінше, биыл жыл басынан бастап кәсіпкерлерге үш пайыздық салықтың алынып тасталуының өзі зор қолдау болды.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру үшін жарна төлемінен босатылған кәсіпорындардың қатарына енгізілуі де олар үшін оңтайлы. Сұхбаттасушымыз ендігі уақытта Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы тұру үшін бизнесті жаңа қырынан дамыту жөніндегі шараларына да белсене қатысып, кәсіпкерліктің жаңа қырларына бет бұру жоспары барын айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button