Нәтижесі болмаса, «ЖОЛ КАРТАСЫ» неге керек?

field image dirtywater img1 1024x645 1 СарапTime

ОБЛЫСТАҒЫ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМА – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ НАШАРЛЫҒЫ. СОҢҒЫ КЕЗДЕ БҰЛ ТАҚЫРЫП РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ КӨТЕРІЛІП, ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ОҢТАЙЛЫ ШЕШУ ҮШІН «ЖОЛ КАРТАСЫ» ДА ЖАСАҚТАЛДЫ. ОНДА АТМОСФЕРАЛЫҚ АУА МЕН ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЛАСТАНУЫ, АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫМЕН БІРЛЕСІП ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН «ТУХЛАЯ БАЛКА» ЖОБАСЫНЫҢ АЯҚТАЛМАУЫ, КЕЗІНДЕ СӘТТІ БАСТАЛҒАН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ДРЕНАЖ ЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ОРТА ЖОЛДА ҚАЛЫП ҚОЮЫ, ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІ АРНАСЫНЫҢ ЖЫЛ САНАП ТАЙЫЗДАНЫП, СУЫНЫҢ ТАРТЫЛУЫ, БАСҚА ДА КҮРДЕЛІ ТҮЙІНДЕРДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН. ҚЫСҚАСЫ, БҰЛ – АЙМАҚТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫН КЕШЕНДІ ТҮРДЕ САУЫҚТЫРУДЫ КӨЗДЕГЕН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ.

Өкінішке қарай, картада межеленген іс-шаралар құмға сіңген судай орта жолда қалып жатыр. Мəселен, Атырау қаласындағы ұзындығы 12 шақырымға жуық «Ерік Мостовой» каналының құрылысы 2001 жылы басталған. Жобалық-сметалық құжаттамасында кезінде бұған бюджеттен 1,3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгені көрсетілген. Алайда, қазір канал өз мақсатында жұмыс жасамақ түгілі, тұрмыстық қоқыс-қалдық тастайтын шұңқырға айналған. Соған байланысты, осынау маңызды нысанды реконструкциядан өткізіп, игілікке жарату жөнінде бірнеше жоба ұсынылғанымен, əзірге жасалған ештеңе жоқ. Ал, қазынадан бөлінген қомақты қаржының сайда саны, құмда ізі жоқ. Енді каналдың келешегі не болмағы беймəлім. Өйткені, бүгінде оны теңгеріміне алған, яғни күтіміне жауапты құрылым да белгісіз екен. Бажайлап көрсек, басы бар да, аяғы жоқ осындай жобалар көп-ақ. Бірақ, оның сұрауы кімнен? Міне, осы тəріздес толып жатқан, жауапсыз қалған сан сауал. Жақында облыстық əкімдікте экологиялық мəселелер бойынша өткен басқосуда Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Сырым Тілегеновтың баяндауынша, биылғы жарты жылда табиғат қорғау заңдылықтарының сақталуына байланысты 60-қа жуық тексеру жүргізілген. Нəтижесінде экологиялық заңнама талаптары 131 рет бұзылғаны анықталыпты. Кінəлі деп танылған 80- ге тарта заңды тұлғаға 190 млн. теңге айыппұл салынған.

– Осы кезеңде атмосфералық ауаның ластануы мен өнеркəсіптік шығарындыларын бақылау саласында 14 нысанда зертханалық талдамалар жүргізілді. Қорытындысында, ауадағы ластаушы заттар құрамының бекітілген нормативтен асып кеткені анықталды. Мысалы, «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мамандарымен бірлесіп, NCOC компаниясының автоматты станцияларына жүргізілген бақылау жұмыстарының барысында біраз кемшіліктің беті ашылған. Атап айтқанда, Атырау қаласы жəне Мақат ауданы аумағында ауаның көп мөлшерде көмірсутекпен жəне экстремалды жоғары деңгейде ластанғанына, газдың рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кеткеніне көз жеткіздік. Оның 65 пайызы NCOC компаниясының «Болашақ» зауытынан (мұнайды кешенді дайындау қондырғысы), сондай-ақ, сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру алаңынан тараған екен. Одан бөлек, су көздері мен топырақтың ластану жайы да назардан тыс қалмады. Мұнда да сəйкесінше, сынамалар алынып, біраз кемшіліктерге жол берілгені белгілі болды, – дейді Сырым Бақтығалиұлы.

– Егер Атырау облысын əлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылған, сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен нақтыланған міндеттер өз мақсатында жүзеге асса, өңірдегі өзекті деген экологиялық проблемаларды түбегейлі шешудің мүмкіндіктері туады. Біріншіден, ауаға таралатын улы газдар мен жағымсыз иістер мейлінше азаяды. Екіншіден, жерүсті суларына жоғарыдан түсетін салмақ жеңілдетіліп, жерасты суларының ластануына тосқауыл қойылады. Үшіншіден, қатты тұрмыстық қалдықтарын сұрыптап, қайта өңдеу жəне кəдеге жарату көрсеткіші айтарлықтай (33 пайызға дейін) көтеріледі, – деді облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.

Нұрлан Қойланұлы одан əрі күн тəртібінде тұрған трансшекаралық Жайық жəне Қиғаш өзендерінің бұзылған гидрологиялық режимін қалпына келтіруге байланысты қолға алынып жатқан шараларға тоқталды. Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының салалас министрліктері арасында 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық су айдындарының экожүйесін сақтау жəне қалпына келтіруге бағытталған «Бірыңғай жол картасы» жасақталған. Соған сəйкес, осы бассейнде суға батқан ірі габаритті заттарды көтеріп шығару, оған қажетті қаржы көздерін есептеу жоспарланған. Өзге де кезек күттірмейтін шұғыл шараларды іске асыруға керекті механизмдерді іске қосып, жобаланған жұмыстардың толықтай жəне межелі мерзімінде орындалуы үшін мəселенің оң шешілуіне мүдделі құрылым – республика Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму, Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрліктері өз құзыреті шеңберіндегі шараларды іске асырудың қарекетіне кіріскен. Мұнда бұған дейін басталған өзендердің түбін тереңдету, теңізге шығатын жолды ашу сияқты маңызды мəселелер де қамтылған. Кешенді жоспарға сонымен бірге, ормандарды молықтыру мен елді мекендерді көгалдандыру, құм көшкінінен қорғау, жерасты су қорының азаюы себепті қолданыстағы гидрологиялық ұңғымалардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қол жеткізу, т.б. өзекті мəселелер енгізілген, ұсыныс-пікірлер топтастырылған.

Бір сөзбен түйіндесек, Атыраудың экологиялық ахуалын сауықтыруды көздеген кешенді жоспардың да, осы құжаттың негізінде толықтырылып, қайта жасақталған «Жол картасының» да тармақтары көп. Оның үстіне, əрқайсысына қомақты қаржы қаралғанымен, жүзеге асып, елдің игілігіне жарап жатқаны саусақпен санарлықтай ғана. Қазынадан бөлінген қаржының игерілуі төңірегінде де тілге тиек етерлік жайттар жеткілікті. Бақылау мен қадағалау жағы да жетілдіре түсуді қажет етеді. Бұл жайында жиынға қатысқан Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Ерлан Досанов айтты. Сол себепті, ол бүгінгі басқосуға арқау болған аймақ экологиясымен қатар, басқа да әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған бастамалардың жалғасын тауып, жобалар мен жоспарланған жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін сыбайластыққа жол берілмеуін, мемлекет қаржысының талан-талажға салынуына тосқауыл қою мақсатында өзі басшылық ететін құрылым тарапынан бақылаудың нығайтылатынына сендірді. Бұл бағытта ведомство жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділерінің көмегі мен қолдауына сүйенбекші.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз