Жедел-жәрдем: Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бригадамен бірге шақыртуға шықты

00a6b621 bae3 48e1 88fc 2503d904d76f Жаңалықтар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жедел жәрдем бригадасына ілесіп екі шақыртуға барды.

«15 сəуір күні кешкі 23.00 – ден бастап жедел жəрдем қызметкерлерімен бірге шақыртуға шықтым. Алғашқы шақырту пациенттің өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін I категория болғандықтан, аталған мекен-жайға жетуімізге 7 минуттай уақыт кетті. Алайда, үйдің есігі құлыптаулы болып, шақырту берген адам ұялы телефонын көтермей, жарты сағатқа жуық уақыт күттік. Белгілі болғандай, созылмалы холециститпен ауыратын пациент эпигастрий аймағына ауырсыну синдромымен шақырту түсірген. Пациент алкогольді ішімдік пайдаланған, ауруханаға барудан бас тартты. Ауырсынуды басатын дəрі ектік» деп жазды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, екінші шақыру жүктіліктің ерте мерзімінде қан кетумен байланысты болған. Шақыртуға барғанда жүкті əйел ес-түссіз жатқан. Бірден алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізілген.

– Науқастың дəрігерлерге уақытылы тексерілмегені белгілі болды. Бұл – тек екі шақыртуда орын алған оқиғалар. Ал, жедел жəрдем қызметкерлері тəулігіне 500-ге жуық шақыртуға барып, əртүрлі қиындықты бастан кешіреді. Олар үшін адам денсаулығын сақтауда əр минут маңызды екенін айтқым келеді. Кейбір жағдайларда науқастар тарапынан да келеңсіз оқиғалар орын алады. Жұртшылық жедел жəрдем қызметіне көңілі толмайтынын айтады. Бірақ, 103 медициналық қызмет түріне негізсіз жүгінетіндердің қатары да көп. Сол себептен, жедел жəрдем қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырамын, – деді Қайсар Абдалиев.

Енді басқарма басшысы ай сайын жедел жəрдем қызметкерлерімен бірге шақыртуға шығуды қолға алмақ. Қайсар Абдалиев Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып биылғы 6 сəуірде тағайындалған болатын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз