«НҰР ОТАН» АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ – бірінші орын иегері

«Нұр Отан» партиясының аймақтық және аумақтық қоғамдық қабылдау қызметін саралайтын байқауда Атырау қалалық филиалы топ жарды. Ол территориялық филиалдар арасында бірінші орынды иеленді. Сөйтіп, Астанада өткен марапаттау шарасында мерейі үстем болды.

 

Жалпы, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтауда халықтан түскен шағымдарды қарау мерзімі, арызданушылардың қоғамдық қабылдау қызметіне ризашылығы, оң шешімін тапқан мәселелер үлесі таразыға тартылды. Сонымен қатар, азаматтарды аймақтың өзекті мәселелері бойынша қабылдау, олардың шағымдарын уақытында тіркеу, «электронды қоғамдық қабылдау» ақпараттық жүйесінің жұмысын жандандыру, оған барлық мәліметтердің енгізілуі есепке алынды.

Марапатты тапсыру салтанатында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қоғамдық қабылдау қызметі жаңаша жүргізілетіндігін айтты. Енді партияның тақырыптық жобалары бойынша түсінік жұмыстарына назар аударылады. Барлық мәселелер жергілікті жерде шешілуі тиіс. Тұрғындар шағымдарының орындалуы Партиялық бақылау комитеті және Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері арқылы қадағаланады. Қоғамдық қабылдау қызметінің нақты бағасы – жергілікті жерде қаралған мәселе бойынша ақпараттың шынайылығы және тиімділігі.

Ал, бұл жолғы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құрамында Партияның орталық аппараты өкілдері мен Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясы мүшелері бар Орталық комиссия анықтады. Сөйтіп,  жоғарыда айтқанымыздай, «Нұр Отан» Атырау қалалық филиалы республикадағы 225 қалалық және аудандық құрылымдардан оза шауып, бірінші орынды жеңіп алды.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұхановтың айтуынша, биылғы он бір айда тұрғындардан 1507 өтініш түсті. Соның 70 пайызы қанағаттандырылды.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз